Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Асхат Тағыберген Ұлттық құрамаға қайта оралу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
"Әзірге маған ешкім хабарласып, бұл тақырыпта сөйлескен жоқ. Тағы да қайталап айтамын: егер менің көмегім шынымен қажет болса — ойлануға болады, әлі де мүмкіндік бар.” — деді жартылай қорғаушы.
Бүгін ғана Қазақстан Суперкубогы үшінгі ойында “Қайрат” қақпасына айып добынан тамаша гол соққан Асхат Тағыбергеннің ұлттық құрамадағы жолы 2014 жылдың 7 маусымында басталған еді. Астанада Венгрияға қарсы өткен жолдастық кездесуде (3:0) алғаш рет алаңға шыққан ол, кейіннен команданың ажырамас бөлігіне айналды. Жастар құрамасында шыңдалған футболшы бірте-бірте негізгі құрамның тірегіне, кейіннен ұжымды соңынан ертетін капитанға айналды.
Асхат құрама сапында 65 ойын өткізіп, 4 голдың авторы атанды. Ол Сан-Марино, Литва, Люксембург және Дания қақпасына дәл көздеген.
Тағыбергеннің карьерасындағы ең жарқын сәттердің бірі — 2023 жылдың 26 наурызында Еуро-2024 іріктеу кезеңінде Данияға қарсы соққан голы болды. "Астана Аренада” өткен сол бір ұмытылмас ойынның 86-минутында Асхат 25 метрден допты қақпаның тоғыздығына дәл қадап, есепті теңестірген болатын. (2:2).
Бұл гол стадионды дүр сілкіндіріп, Қазақстан құрамасына зор серпін берді. Осыдан кейін Абат Айымбетов жеңіс голын соғып, еліміз футбол тарихында тұңғыш рет әлемдік топ-10 рейтингіне кіретін команданы тізе бүктірген еді. Асхаттың бұл жауһар голы FIFA Puskás Award (Жылдың ең әдемі голы) сыйлығына үміткер болды және UEFA нұсқасы бойынша Еуро-2024 іріктеу кезеңінің ең үздік голы деп танылды.
Асхат Тағыберген Ұлттар лигасы мен Әлем чемпионатының іріктеу кезеңдерінде де (соның ішінде 2025 жылы Уэльс қақпасына соққан пенальтиі) команданың қорғанысы мен шабуылын ұштастыруда маңызды рөл атқарды. Ұлттар лигасының B және C дивизиондарында 1000 минуттан астам уақыт алаңда өткізіп, Қазақстандық футболдың деңгейін көтеруге өлшеусіз үлес қосты.
Тәжірибелі капитанның құрамаға қайта оралуы — Ұлттық команда үшін үлкен демеу болары анық.