«Астана» алған бетінен адаспай ма?

«Астана» футбол клубының басшылығы ауысты. Демек, клуб даму бағытын өзгертеді деген сөз. Енді қай қай бағытта?
«Астана» алған бетінен адаспай ма?

Клубтың бас директоры болып Тастанбек Есентаев тағайындалғалы бері клубтың құрылымы қазақыланып келеді. Қазақ спортына еңбек етіп келе жатқан бұл тұлға бізге бұрыннан таныс. Тек футболдың нақ өзінде қызмет етпеді демесеңіз, спорттың әртүрлі салаларынан хабары бар. Іскерлігі бір бөлек, басқару жүйесі қаталдау келетін бұл маманның клубтың философиясын өзгертеміз дегені құлаққа сәл өзгеше естілді. Дастархан басындағы бейресми жиналыста Тастанбек Құтжанұлы бірнеше жоспарымен бөлісті.

-       Бұдан былай «Астана» футбол клубы агенттерге комиссиялық төлемдер жасамайды

-       Жоғары жалақы алатын легионерлерге шектеу қойылады

-       Әзірге академия салатын мүмкіндік болмағандықтан, «Жаттығу орталығының» құрылысына кіріседі

-       Қаржыны үнемдеп жаратудың барлық мүмкіндіктері қарастырылады

-       Еурокубокке қатысып, қомақты қаржы жинау

-       Қазақстан ішіндегі жарыстардың барлығында жеңімпаз атану

-       Жастар тәрбиелеу ісін жөнге қою

-       Бірінші және Екінші лигадағы командалар ойнай алатын жеке стадион салу

Әлбетте, бұлай мақсаттарды айқындап баспасөзге таратып жіберіп қарап отыра беруге болады. Бұл жоспар орындала ма, орындалмай ма ол кімнің есінде қалар дейсіз? Ең бастысы дәл қазір клуб басқарып отырған шақта репутация жақсы болса жетерлік. Сондықтан да, басқасуда болғанымыздыңдың арқасында бұл мақсаттар қалай шешілетінін де қалың оқырманға түсіндіре кетейік.

Осы кезге дейін «Астана» футбол клубы агенттердің еңбегіне қомақты қаржы жұмсап келді. Оның шет жағасы баспасөзге шықты да. Дмитрий Шомкомен келісімге келгені үшін клуб жыл сайын 100 мың еуро жаратып отырған. Одан бөлек те агенттер жеткілікті ғой. Мысалы, Дорин Ротариу мен Рунар Мар Сигурьонсонның еңбекақылары да дұрыс төленбеген. Соның салдарынан клуб жаңадан бөлінген бюджеттің өзінен 500 мың еуро шығындап отыр. Ал Дорин Ротариу айына 39 мың еуро көлемінде жалақы алып келгенін де айта кетейік. Демек, «Астана» клубы алғашқы екі мәселеден қатты аузы күйген. Клубтың атқарушы директоры Санжар Сейтқазиновтың бастамасымен клуб енді мұндай шаруалармен айналыспайды. Жалақы фонды да шектеліп, агенттермен жұмыс өзгеше жүреді.

Клуб басшылығының академия салу деген арманы болмаса оған дәл қазір әрекет жоқ екенін байқап қалдық. Мұндай кешеннің құрылысы аз ақша тұрмасы анық. Сондықтан да, академия іспеттес «Жаттығу орталығын» ашпақшы. Яғни бір кешеннің ішінде бірнеше жасанды алаңы бар, жастар мен балалар тәрбие алатын манеж және ашық аспан астындағы алаң. Қазіргі нарықтық заманда арнайы жер телімін алып, алаңдар салудың өзі оңайға соқпайды. Бірақ, клубтың бюджеті де биыл 5 млрд теңгені құрапты. Легионерлер мен өзге де шығындарды жаба отырып, бір жылда ең болмаса осындай «Жаттығу орталығын» салып алса да клуб үшін жаман болмас еді. Әйтпесе, әркімнің есігін бір сығалап жүру кімге оңай дерсіз. Айтпақшы, сөзден сөз туады, айта кетейік 12 жыл бұрын құрылған бұл клубтың өзінің жеке отауы жоқ. Әр бизнесс орталығының табалдырығын тоздырып жүргені тіпті ұят екен. Бұрын жалға алып келген қымбат кеңседен, қаржыны үнемдеу үшін арзандау кеңсеге көштік дейді клуб басындағылар.

Осы кезге дейін клуб қай салаға қаржыны көп жұмсаған деп сараптай келе жасыл алаңды жалға алу жағы қалтаға ауыр тиген көрінеді. Мысалы «Астананың» жастар командалары кейбір жылдары жабылып, қайта ашылып жүрді. Қала ішіндегі «Тарлан Арена», «Астана Аренаны» жалға ала беру де қалтаға қатты тисе керек. Елорданың мақтанышына айналған футбол клубы өзінің кеңсесі жоқ, жастары ойнайтын жасыл алаңы жоқ болғаны қалай? Біз осылай сауал тастап көріп едік Тастанбек Есентаев «осы бағытта жұмыс істейміз» деді. «Қаланың қақ ортасында тұрған Қажымұқан Мұңайтпасов стадионы биыл жөнделеді, әкіммен кездесіп осы стадионды бізге пайдалануға беруін өтіндім. Жастарымыз жаттығып, Бірінші және Екінші лиганың ойындарын оп-оңай өткізер едік» дейді Тастанбек Құтжанұлы.


«Спорт қоры» ұйымының да «Астана» клубына тікелей қатысы бар. Бұл ұйымның басшысы Асхат Сейсенбек те жиында сөз сөйлеп біраз мәселенің шетін шығарды. Клубтың жеке бренд ретінде қалыптасуы, оның сол брендтен қаржы тауып, өзі-өщін асырау тұрғысында талқылау жүргізді. Қорыта айтқанда, «Астана» клубы бағытын өзгертеді. Қаржының әрбір тиынын есептеп жұмсап, клуб еншісінде қалатын құрылыстар жүргізеді. Жасыл алаңдар, жаттығу манеждері, орталықтар, кішігірім стадион – міне мұның бәрі клубтың алтын діңгегіне айналуы тиіс. Ал дәл қазір Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, ел чемпионатын алты рет қатарынан жеңген клубтың иелігінде ештеңе де жоқ. Жаңа басшылық алған бағытынан адаспай, уақытша алданыштан гөрі мәңгі қалатын, клубқа ұзақ қызмет ететін істермен айналысады деген сенімдеміз.

Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×