“Астана” алғашқы таймда алаңда байқалмады” – Швейцариялық БАҚ жеңіліс жайлы

08.08.2025, 16:30

Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде "Астана" сырт алаңда Швейцарияның "Лозанна" клубына 1:3 есебімен жол берді. Қазақстандықтардың бұл сәтсіздігіне қатысты Швейцариялық спорт басылымдары түрлі пікір білдіруде.

“Астана” алғашқы таймда алаңда байқалмады” – Швейцариялық БАҚ жеңіліс жайлы

Sport.ch басылымы матч жайлы мақаласын "Бір, екі, үш: "Лозанна" өз алаңында мықты, бірақ таң қалдырмады” деп атады. Жазбада алаң иелері ойынның алғашқы минуттарынан-ақ "Цюрихпен” болатын алдағы кездесуге күшін сақтап жатқандай әсер қалдырғаны айтылады:

"Допты асықпай қимылдатты, пас беруде көп қателесті, концентрация жетіспеді. Соған қарамастан, үзіліске 2:0 есебімен кірдік."

Басылым "Астана” бірінші таймда дерлік мүлде ойын көрсете алмағанын және қарсыластан айтарлықтай әлсіз көрінгенін жазады. 41-минутта Алекса Аманович алыстан қақпаға бағыттаған соққысын сәл ғана мүлт жіберсе, көп ұзамай Кипрас Казуколовастың өрескел қателігін Кали Сене пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді. Екінші таймда "Лозаннаның” ойыны нашарлағанымен, тағы бір гол соқты. Тек матч соңында Иван Башичтің қуатты соққысы "Астанаға” қарымта матчта үміт сыйлады.

Rts.ch "Лозанна жақсы позицияда” деген тақырыппен шығып, алаң иелерінің плей-оффқа шығуға сенімді қадам жасағанын атап өтті. Материалда 24-минутта Рош есеп ашқаны, үзіліске дейін Сене қорғаныстағы қателікті пайдаланып гол соққаны, ал 91-минутта Башичтің "зеңбірек соққысы” айырмашылықты екі допқа қысқартқаны баяндалған.

24heures.ch те Башичтің голын "пушка” деп атап, оның қарымта кездесуде шешуші рөл атқаруы мүмкін екенін айтты.

Lematin.ch болса, "Лозанна" Конференциялар лигасының плей-офф кезеңіне бір аяқ басты" деген тақырыппен 9008 көрермен алдында сенімді жеңіске жеткенін жазды.

Laliberte.ch мақаласында негізгі гол сәттерін тізіп, соңында Башичтің соңғы минуттағы голы Қазақстандықтар үшін шешуші фактор болуы ықтимал деп түйіндеді.

Жалпы, Швейцариялық БАҚ "Астананың" бірінші таймдағы әлсіз ойынын сынап, "Лозаннаның" өз алаңында жеңісті лайықты алғанын жазды. Дегенмен, соңғы минуттағы гол қарымта кездесуде интрига сақтап, Қазақстандықтарға келесі кезеңге шығуға мүмкіндік беріп тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×