Қазақстан құрамасының бұрынғы шабуылшысы, "Алтай" клубының капитаны Сергей Хижниченко Алматылық "Қайраттың" Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алдағы матчына қатысты өз болжамын айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Жетінші тур аясында “Cары-Қаралар" Бельгияның "Брюгге" клубын қабылдайды.
Елордалық стадионның артықшылығы
Хижниченконың пікірінше, "Астана-Аренаның” ерекше аурасы мен жасанды төсеніші Алматылық клуб үшін үлкен басымдық болмақ. Тәжірибелі футболшы Еуропалық ұжымдардың мұндай алаңға бейімделуі қиын екенін алға тартты.
"Астана-Аренаның" сиқыры мен оның жасанды көгалының ерекшелігі баршаға мәлім. Ұлттық құрама мен "Астана" клубының Еурокубоктардағы ойындарынан байқағанымыздай, қарсыластарға бұл алаңға үйренісу өте қиынға соғады.” — деді Хижниченко Sports24.kz сайтында.
Шабуылшы "Қайраттың” биылғы деңгейі кез келген ұжымға қарсы тұруға қауқарлы екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты мәселе — дайындық сапасында.
"Қайрат" кез келген қарсыласпен иық тіресіп ойнай алатынын көрсетіп жүр. Командаға жанкүйерлерді қуантып, маңызды ұпайлар еншілеуін тілеймін.” — деп түйіндеді сөзін футболшы.