«Астана» аялдап, «Жетісу» жетіп қалды

12.07.2011, 14:16
«Астана» аялдап, «Жетісу» жетіп қалды
Енді үш турдан соң Қазақстан премьер-лигасындағы жарыстың бірінші бөлігі аяқталып, он екі ұжым шама-шарықтарына орай екі топқа сұрыпталады. Қазірдің өзінде кейбір командалардың үздік алтылықтың қатарына іліге алмайтындары анық болды. Ал көш басындағы мықтылар екінші кезеңдегі тартыстың тіптен күшті боларын түсінгендіктен мейлінше ұпай жоғалтпауға тырысуда. Дегенмен соңғы турда алдыңғы лекте келе жатқан «Астана» да, «Ақтөбе» де өзара кездесіп, ұпай жоғалтты. Қазақстан футбол федерациясы келтірген мәліметке сәйкес, турдың орталық кездесуін тамашалау үшін Ақтөбедегі «Орталық» стадионға 9 мыңнан астам жанкүйер жиылды. Біріншіліктің бас жүлдесінен үміткер қос қарсыластың арасындағы бәсеке өте тартысты өрбіді. Мұндай айтулы ойынды өз көзімен көріп, ой түюге ұлттық құрамамыздың бас бапкері Мирослав Беранек те ниет еткен екен. Алаң иелерін бұл кездесуде тек жеңіс қанағаттандыратыны түсінікті еді, олар төреші ысқырығы естілгеннен-ақ қонақтар қақпасын торуылдауға көшті. Мәлік Мане, Сергей Лисенков, Марат Хайруллин сынды алдыңғы шептің ойыншылары Ненад Эрич қорғаған қақпа маңының мазасын кетірді. Бірақ тең ойынға шүкіршілік етер қонақтар қорғаныс шебінде мығымдық танытты және астаналықтар реті келген сәттерде қарсы шабуылдарға иек артты. Әсіресе, екінші таймда Владимир Муханов жаттықтыратын ақтөбеліктер қысымды күшейтті. Алайда бұл күнгі бәсекеде қос команда да гол соға алмай тарасты. «Астана» алты кездесуден бері жеңілмей келе жатса, «Ақтөбе» биылғы біріншілікте өз алаңында осымен үшінші ойында гол соға алмай қалды. Жоғарыдағы екі команданың тең нәтижеге тоқтауы бірінші кезекте Талдықорғанның «Жетісуына» тиімді болды. Асқар Қожабергенов тізгінін ұстап, Серік Әбдуалиев жаттықтырып жүрген ұжым 19-турды сырт алаңда «Қайсарға» қарсы өткізді. Дәл қазір қызылордалық клубтың да шегінер жері қалмағаны мәлім. Балтық жағалауынан бапкер алдырған команда тур өткен сайын құлдырап келеді. Биылғы чемпионат басталғалы бері ең көп гол жіберген Сыр жерінің өкілі бұл жолы да жауапсыз төрт доптың тіркелуіне себепкер болды. Кездесудің 15-минутында талдықорғандықтардың өзбек легионері Ұлықбек Бақаев мергендік танытып, есеп ашты. Бұл оның жаңа маусымдағы 12- голы еді, мергендер көшінде жеке-дара алға шықты. Екінші тайм бастала сала-ақ қонақтар нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, Захар Коробовтың дәл соққысы есепті еселей түсті. Бірнеше белді ойыншысы бәсекеден тыс қалған «Қайсар» үшін екі бірдей доп айырмасын қысқарту аса қиынға соғары анық еді. Алаң иелері «Жетісу» қақпасынан саңлау табуға қанша тырысқандарымен, нәтижеге қол жеткізе алмады. Көп ұзамай, «Жетісудың» сапындағы Арунас Климавичус әдемі гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. Одан кейін көбінесе қосалқы құрамда қалып қойып жүрген Дәурен Құсайыновқа гол соғу кезегі тиіп, матчтың нүктесі қойылды: 4:0. Осы ойынның қорытындысы «Жетісуды» көш басындағы «Астанаға» бір табан жақындата түсті, қазір екеуінің арасын бар болғаны 1 ғана ұпай бөліп тұр. Үздік алтылықтың қатарына ену мүмкіндігі тым көмескі тартқан «Тараз» бұл турда «Ордабасыны» қабылдады. Оңтүстік аймақтың өкілдері арасындағы бәсеке де көпшілік күткендей тартысты өтті. Ойынның 32- минутында Данило Белич есеп ашып, жергілікті жанкүйерді желпінтсе, 86-минутта «Ордабасының» украиналық легионері Артем Касьянов айып соққысын дәл орындап, таразы басын теңестіріп кетті. Футболшылардың 45 грдустық ыстықта тер төккенін айта кетейік. Тізгінін ағылшын бапкері Джон Грегори ұстағалы бері беті бері қараған Алматының «Қайраты» осы жолы үш ұпай олжалады. Алматылықтар «Атырауды» қабылдаған еді. Кездесудің 40-минутында Мұрат Сүймағамбетов қонақтар қақпашысы Иван Сивожелезовты қапы қалдырып, есеп ашты. Ал 48- минутта Деян Христов нәтижеге өзгеріс енгізіп, «Қайраттың» басымдығын нығайта түсті. Алматылық футболшылардың бұдан кейін де бірнеше гол соғар мүмкіндіктері болды, бірақ таблодағы сандар сол қалпында қала берді. Грегоридің жаттықтырушылығымен «Қайрат» барлығы 4 кездесу өткізді, оның ең алғашқысында сырт алаңда «Астанадан» 1:6 есебімен ұтылса, кейінірек «Тобылды» қабылдап тең түсті (0:0) және «Ертіске» қонаққа барып, 1:1 нәтижесімен жалқы ұпай еншілеген еді. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×