"Астана" бәсекелесінен басым түсті

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
22.09.2024, 22:54

Джефри Чинеду кездесудің қаһарманы атанды. 

"Астана" бәсекелесінен басым түсті

Ойынның бірінші таймында қос команда қос-қостан гол салды. Елордалықтардың екі голына “Ордабасы” Жасұр Яхшибоевтің екі голымен жауап берді. Ал екінші таймда “Астана” басымдылықты өз қолына алды. Григорий Бабаянның командасы өте күшті ойнады. Жалпы, екінші айналымда бұл команда керемет күшейіп алғанын байқатты. Назми Грипши мен Джефри Чинедудің келуімен Камара секілді ойыншылар да керемет ойнап кетті. Калаицаның да қорғаныстағы ойыны өте күшті. 

“Ордабасы” сапында сол Яхшибоевтың керемет қимылы еске түседі. Өзбекстан ойыншысы техникасына сүйеніп, “Астана” қорғанысына көп қауіп төндірді. Келесі маусымда “Астанаға” ауысқысы келетін ойыншы секілді ойнады. “Астана” еурокубокте керемет ойнайтын команда ғой, сондықтан Жасұр еуроаренаны сағынған секілді. Кезінде “Реалға” гол салғаны бар емес пе еді?!

«Ордабасы» – «Астана» – 2:4

Голдар: Жасур Яхшибоев 26, 45+5 – Ян Вороговский 24, Чинеду Джеффри 45+2, 60, Назми Грипши 74 

“Астана” осы жеңістен кейін 30 ұпаймен 5 орында тұр. Өткізген ойындарының саны да екеуге аз. Демек, елордалықтарда үштікке еніп кетуге тамаша мүмкіндік бар деген сөз. 29-қыркүйек күні сырт алаңда “Жеңістен” басым түссе тіпті қатып кетейін деп тұр.

Ал чемпиондыққа үміті бар 4 команданың бірі “Ақтөбе” сырт алаңда опық жеп қалды. “Тобыл” ойыншысы Ислам Чесноков әдемі гол салып, “Ақтөбе” қорғанысын “ұйықтатып” кетті. Одан кейін Уче Агбо екі сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Ал одан кейінгі Ахмед Мессауди мен Руй Коштаның голдары жығылғанға жұдырық болды. “Ақтөбе” әдеттегідей ең маңызды сәтте “Тобылдан” жеңіліп қалды. Үнемі сондай емес пе?! Биылдың өзінде өз алаңында 3:4 жеңіліп қалған еді. Десе де, Леонов деген украиналық бапкердің әлі де мүмкіндігі бар. Чемпиондыққа таласуға шамасы да жетіп қалуы тиіс. 

Сөз соңында “Елімай” жайлы да айта кетейік. Сыртта “Шахтерді” 1:2 жеңген семейліктер сенімді түрде жүріп келе жатыр. Кезекті үш ұпайын алып көш басындағы орнын сақтап қалды.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×