«Астана» - Cуперкубок иегері!

02.03.2015, 02:06
«Астана» - Cуперкубок иегері!
Футболдан ел чемпионатының маусымашар ойыны өтті. Қазақстан Республикасының Суперкубогын сарапқа салған ойында «Астана» Алматының «Қайратынан» пенальти сериясында басым түсті. Бірінші таймда аса қауіпті сәттер көп орын ала қойған жоқ. Тең қарсыластар бір-біріне тегеурін таныта алмады. «Астана» бірінші нөмірмен ойнауға ұмтылғанмен, «Қайрат» қарымта шабуылда қауқарлы екенін байқатты. Бірінші болып алматылық ұжым сапынан Жерар Гоудың есеп ашуға мүмкіндігі болған. Бірақ, жылдамдығы жетіспеді. Ал алаң иелері қатарынан Дмитрий Шомконың айып соққысынан бағыттаған добы«Қайрат» қақпашысы Владимир Плотниковқа айтарлықтай қиындық тудырды. Өзге сәттерде командалар сәтті қорғана білді. Екінші таймды Стономир Стойлов шәкірттері жоғары қарқынмен бастады. 62 минутта «Астана» кезекті шабуылында есеп ашуға зор мүмкіндік алған. Бірақ, Патрик Твумасидың соққысы қақпа бағанынан кері қайтты. Араға бірнеше минут сала «Қайрат» сапынан Исаэль да өз бағын сынап көрді. Сәттілік жетіспеді. Доп қақпадан жоғары кетті. 86 минутта Бауыржан Жолшиевтың орнына шыққан Ұлан Қонысбаев қауіпті соққы бағыттай білді. Доп қақпадан аз ғана қиыс кетті. Негізгі уақытта қос команда бір-бірінің осал тұстарын таба алмай тең тарқасты. Қосымша уақытта да командалар тең тарқасты. Ойында есеп ашылмаса да, кездесудегі тартыс алаң ортасында өрбіді. Нәтижесінде жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бірінші болып соққы бағыттаған«Қайрат» ойыншысы Аслан Дарабаевтың соққысын Ненад Эрич оңай қайтарды. «Астанадан» Дмитрий Шомко қақпадан алыс тепті. Одан кейін Жарко Маркович те қақпа кілтін таба алмай састы. «Астананы» Марин Аничич алға шығарды. Мариннен кейін екі командадан Сито Риера мен Рохер Каньяс өз мүмкіндіктерін пайдалана білді. Кезекті рет алматылық клуб сапынан Зауырбек Плиев қателесті. Одан кейін Ұлан Қонысбаев пенальтиді орындағанда, Стонимир Стойлов шәкірттері ертерек чемпион атанар еді. Бірақ, олай болмады. Ұланның соққысын Владимир Плотников қайтара білді. Нәтижесінде Тимур Рудосельский таразы басын теңестірді. Соңынан Фокси Кетевоама мен Илья Калинин де қателесті. Шешуші соққыны елордалық ұжымның капитаны болған Абзал Бейсебеков орындады. Пенальти серисында ұлттық құрама қақпашысы Ненад Эрич қарсыластарының үш соққысын қайтарып, үздік ойын өрнегін көрсетті. Суперкубок финалына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, екі клуб ойыншыларын марапаттау рәсіміне қатысты. Сонымен қатар, кездесу ТМД елдерінің телеарналарынан да көрсетілді. Сонымен қатар, Суперкубок ойынымен жаңа маусым шымылдығы түрілді. «Nike Ordem» добы да алғаш рет ойынға пайдаланылды.   Массагет.кз
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×