Кешегі матч қарсаңында Бельгиялық "Брюгге" сапында күтпеген жағдай орын алды, деп хабарлайды Aladop.kz.
“Қайрат” қақпасына командасының алғашқы голын соққан Сербиялық Александр Станковичтің бутсысы ең жауапты сәтте жарамсыз болып қалды — ойын алдында оның табаны сөгіліп кеткен.
Спортшының қасында өзіне үйреншікті қосалқы аяқкиімі болмағандықтан, клуб өкілдеріне шұғыл түрде әрекет етуге тура келді. "Көк-Қаралардың" қызметкерлері Астананың спорттық дүкендерін шарлап, дәл Станковичке қажетті Adidas Predators моделі мен тиісті өлшемді іздеп, біраз тер төккен екен.
Ұзақ ізденістен кейін табылған жаңа бутсы футболшыға тек жайлылық емес, сәттілік те сыйлаған сияқты. Дәл осы жаңа аяқкиіммен алаңға шыққан Александр Станкович матчтың алғашқы голын соғып, есеп ашты.
Осылайша, елорда дүкендерінің бірінен асығыс сатып алынған қарапайым бутсы Чемпиондар лигасында голдық бутсыға айналып отыр.
Айта кетсек, Александр Станкович “Црвена Звезда”, "Лацио”, “Интер Милан” және Сербия құрамасының аңызы Деян Станковичтің туған ұлы.