"Астана" ФК Конференция лигасының топтық кезеңін жеңіспен бастады

Конференция лигасының топтық кезеңінде өнер көрсететін жалғыз қазақстандық клуб "Астана" командасы күзгі еурокубок бәсекесін жеңіспен бастады. Алғашқы турда елордалық футболшылар Сербияның "ТСЦ Бачка-Топола" командасымен кездесіп, 1-0 есебімен басым түсті.

"Астана" ФК Конференция лигасының топтық кезеңін жеңіспен бастады
фото ашық дерек көзден алынды

Алматының Орталық стадионында өткен матчты Г.Бабаян шәкірттері ширақ бастады. Алғашқы минуттардан шабуылға шығып, жылдам гол соғуға күш салды. Және бұл ұмтылыс көп ұзамай өз нәтижесін берді. Ойынның 15-ші минутында бұрыштамадан асырылған допты Ян Вороговский басымен шиіріп Кипрас Казуколовастың көзге түсуіне тамаша мүмкіндік жасап берді. Есеп 1-0. Дегеніне жеткеннен кейін алаң иелері қарқынын бәсеңдетіп, қарымта шабуылға иек артты. Бірақ, сербиялықтар да аракідік Чондрич қақпасына қауіп төндіріп, екі мәрте ала доп қақпа маңдайшасынан серпілді. Ал “Астана” сапында Усман Камара бір емес бірнеше оңтайлы мүмкіндікті мүлт жіберіп, гвинеялық легионер бұл ойында жанкүйерлердің жүйкесін жұқартты. Қонақтар екінші таймда да допқа көбірек иелік етіп, таразы басын теңестіруге тырысқанымен бұл күні “Астана” қақпашысы тамаша сейвтер жасап, қырағылық танытты. Ал матч соңына қарай Усман Камара Томасовтың пасынан кейін ақыры гол соққан болатын. Алайда ВАР төрешілері Марин доп алғанда офсайдта қалғанын анықтап, бұл гол тағы да есепке алынбады. Негізгі уақыт аяқталып, қосымша минуттарда қонақтар қақпа алдында өте қауіпті айып соққысына ие болды. Сол сәтте барша жанкүйер демін ішіне тартып уайымға түскен еді, абырой болғанда “ТСЦ Бачка-Топола” футболшысы допты тура Чондричтің қолына тепті. Осылайша “Астана” Конференция лигасының алғашқы турында маңызды үш ұпайға қол жеткізіп, еурокубоктағы күзгі жорығын сәтті бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

ФК Астана УЕФА
×