Анталияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Астана футболшылары кеше Острава қаласының «Баник» командасымен жолдастық кездесу өткізді.
Олег Протасов жаттықтыратын елордалықтар бұл ойында чех аяқдопшыларымен 2:2 есебімен тең түсті. Чехия чемпионатында бірнеше дүркін ел чемпионы және кубог иегері болған «Баник» ойынның алғашқы жартысында бірінші боп есеп ашты. Оны астаналықтардан Мұхтар Мұхтаров екінші таймда теңестірген еді. Остравалықтар екінші рет есепке өзгеріс әкелгенімен, ойынға кездесудің екінші жартысында араласқан Таңат Нөсербаев өз командасын жеңілістен құтқарып қалды.
«Астана» бұған дейін 4-ақпанда Молдованың Кишинев қаласының «Академия УТМ» клубына 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Бүгін олар жиынды аяқтап бірнеше күн елде күш жинап, одан кейін жаңа маусымға әзірлігін тағы бір рет пысықтау үшін Анталияға қайта оралмақ.
Автор: Ерлік Ержанұлы