Команда жаңа маусымға дейін сырттан инвестор таппаса, Премьерден шеттетілуі мүмкін.
Соңғы 3 күнде Қазақстан футболы айналасында “Астана” жайында жиі әңгіме айтылуда. 2026 жылға қарай “Самрұқ-Қазына” АҚ елорда ұжымына қаржы бөлмейтіні жайында ескертіпті. Ал бұл жағдай “Астана” командасы төбесінен жай түсіргендей болды. Онсызда өткен маусымда қызметкерлеріне тиесілі айлықтарын жөнді төлемеген ұжым, “Самұрықсыз” мүлдем тығырыққа тірелетінін түсініп отыр. Басқа демеушілерден қайран болмай тұр. Miglior артезиан суы мен Okadzaki тағамтану желісі бәрібірде Акционерлік қоғам бөлгендей қаражат бере алмайды. Марин Томасов секілді 30 млн теңге айлық алатын легионерлері бар, әр жыл сайын еурокубокте өнер көрсететін команда шығындарын өтеп отыру кез-келген компанияның қолынан келмейді. Соңғы алты жылда “Самұрық-Қазына” “Астана” командасын қаржыландыруға 50 млрд теңге жұмсапты. Алайда сол уақыттарда ақшадан таршылық көрмеген ұжымның футболдағы нәтижесі жақсы деуге келмейді. “Астананың” чемпиондық гегемониясына Қайрат Боранбаевтың командасы нүкте қойды. Команданың скауттық қызметі де ақсап қалды. “Астана” Ннамди Ахонону, Карлитос, Фабьен Урега сынды ойыншылардың трансферлеріне 800 мыңдай еуро жұмсады. Елорда ұжымына шетелдік аяқдопшыларды ертіп әкеліп жүрген скауттерді түбегейлі жамандаудан аулақпын. Мәселен, солардың арқасында Назми Грипши және Иван Башичтай футболшылар ел чемпионатында үздіктер қатарынан табылуда. Бірақ қызмет сапасы төмендегені байқалады. Кезінде еурокубоктің топтық кезеңдерінде атой салып жүргендерінде “Астанаға” келген әрбір легионер өзінің сүйкімді ойын мәнірімен жанкүйерлер жүрегін жауланғанды. Олар сосын қазақстандық командадан көтеріліп, мықты ұжымдарға қомақты соммаға кетіп жататын. Ал қазір аттай қалап алдырылған аяқдопшылар “Астанада” ұзақ аялдап қала алмауда. Елорда командасындағы олқылық осымен бітсе, мейлі дерміз. Бірақ бір өкініштісі дардай ел флагманында өз тәрбиеленушілеріне қызмет жасайтын академия жоқтың қасы. Жас футболшыларды “Астана” бапкерлері жалға алған ареналарда баптайды. Команданың өзі “SAT Tower” бизнес орталығында офис жалдап тұрады. Шетелдік легионерлер қонақ үйді паналайды. Егерде клубқа тиесілі академия болғанда, “Астана” ақшасын бұлай шашып жүрмес еді. Мысалы, осы жылдың тамыз айында “Астана” ФК 185 млн доллар қаржы құйылды деген ақпарат тарады. Егерде бұл рас болса, АПЛ өнер көрсететін “Кристал Пэластікіндей” жеті академия құрылысын бастауға мүмкіндігі болды. Бірақ “Астанаға” жастарының тағдыры қызық емес екені байқалды. Тек осы жылы ғана клубтардың барлығы әрекет жасап академия соғып жатқанда, елден қаламыз ба деген сынаймен бір жоба әзірлепті. Оның шығынын Астана әкімдігі мен Михаил Ломтадзенің “Kaspi” компаниясы көтеріп береді. Бірақ жабылудың алдында тұрған “Астана” академияны бүгінде керек қылар ма екен? Осы сұрақтың жауабы бәрімізге де қызық…