Елордалық «Астана» жақын арада жаңа меншік иесіне өтуі мүмкін. Клубты сатып алуға үміткер кәсіпкерлердің бірі аталды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Саясаттанушы Ербол Еділовтің мәліметінше, «Астананың» жаңа қожайынына қатысты түпкілікті шешім алдағы уақытта қабылдануы мүмкін.
Негізгі үміткерлердің бірі — RAAF Group құрылыс холдингінің басшыларының бірі, кәсіпкер Дулат Жарылғапов.
Ербол Еділов телеграм арнасында клубтың жаңа меншік иесіне қатысты келіссөздер шешуші кезеңге жақындағанын хабарлады.
Оның айтуынша, Дулат Жарылғапов «Астананы» сатып алуға басты үміткерлердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда соңғы шешім әзірге қабылданған жоқ.
Бұған дейін елордалық клубтың болашақ инвесторы ретінде «Қазақстанның астық консорциумы» компаниясының иесі Бахтияр Оспановтың есімі аталған болатын.
46 жастағы кәсіпкер «Астананың» матчтарына бірнеше рет қатысып, клубқа қызығушылық танытқан.
Алайда жаңа ақпаратқа сәйкес, Бахтияр Оспанов елордалық команданың меншік иесі болмайды.
Осылайша, клубтың болашағына қатысты негізгі назар Дулат Жарылғаповтың кандидатурасына ауып отыр.
2026 жылғы Қазақстан Премьер лигасының қорытындысы бойынша «Астана» турнирлік кестеде үшінші орынға ие болды.
Бұл нәтиже елордалық командаға 2027/28 жылғы маусымда УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік берді.