«Әттең, бір гол жетпеді». Көріскенше, «Арсенал», «Байер».

18.03.2015, 16:25
«Әттең, бір гол жетпеді». Көріскенше, «Арсенал», «Байер».
Сейсенбі күні түнде УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалына жолдама алған тағы екі команда белгілі болды. Өз алаңында «Арсеналға» жол берген «Монако» мен «Байерден» айласын асырған мадридтік «Атлетико» Кәрі құрлықтың клубтар арасындағы ең мықты додасында жарысты жалғастыра бермек. Осыдан бірнеше апта бұрын Лондонда сенсация орын алған болатын. Француздың «Монакосы» қонақта азулы «Арсеналды» 3:1 есебімен жеңіп, айды аспанға шығарған. Қарымта матчта ағылшын командасынан жігер күткендер көп еді. Себебі Арсен Венгер шәкірттерін қалай жігерлендіру керектігін біледі. Чемпиондар лигасының алғашқы матчында жеңіліп қалып, жауапты кездесуде келесі кездесуге өту үшін бір ғана гол жетпей қалатын «ауруы» бар еді осы «Арсеналдың». Бұл жолы да солай болды. ширек финалға шығу үшін лондондықтардың 3:0 есебімен жеңуі керек еді. 36-шы минутта Оливье Жиру есеп ашып, «Арсеналды» алға шығарды. 79-шы минутта Арон Рэмзи есепті еселеді. «Монакоға» қорғанудан басқа шара қалмаған. Арсен бапкердің шәкірттері 83-ші минутта тобло көрсеткішін 3:0-ге жеткізе жаздады. Алексис Санчестің баспен бағыттаған соққысын қақпашы Суботич алып шықты. «Арсенал» жанкүйерлерінің өкінішіне қарай, матч 2:0 есебімен аяқталды. Мадридте өткен «Атлетико» мен «Байер» матчы да драмаға толы болды. Германияда өткен ойын 1:0 есебімен «Байердің» пайдасына аяқталған болатын. Қарымта кездесуде былтырғы финалистер қос матч бойынша таразы басын теңестіре алды. 27-ші минутта Марио Суарес ұрымтал тұстан өзінде бар мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ. Есеп ашылды – 1:0. Дегенмен «Атлетико» да, «Байер» де негізгі уақытта тоблодағы көрсеткішті өзгерте алмады. Овертаймда да ештеңе өзгерген жоқ. Осылайша, Чемпиондар лигасының быилғы маусымындағы алғашқы пенальти сериясы орын алды. Дегенмен футбол лотереясында да футболшылар гол соғуға асыққан жоқ. Алдымен мадридтік Рауль Гарсия допты қақпадан биік тепсе, кейін Хакан Чалханоглу мардымсыз соққы жасап, Ян Облак допты кері қайтарды. Сосын барып «Атлетико» сапында Антуан Гризманн, Марио Суарес, Фернандо Торрес гол соқты. Ал «Байер» ойыншыларынан Симон Рольфес пен Гонсало Кастро ғана дәлдік танытты. Пенальти сериясындағы есеп – 3:2. «Атлетико» - ширек финалда. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мадридтік «Реал», мюнхендік «Бавария», португалиялық «Порту» және франциялық «ПСЖ» 1/8 финалдан өткен болатын.

 Есет ТӨЛЕШ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×