"Мұнайшылар" мемлекет иелігінен шығып, жеке қолға өтуге дайын, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл туралы Атырау облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Сыдықов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
Сату процесі қалай жүреді?
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде клубтың жаңа қожайыны ретінде нақты тұлғалардың есімі атала бастаған болатын. Алайда басқарма басшысы бұл ақпаратты әзірге ресми растаған жоқ. Оның айтуынша, клубты иеленетін тарап тек ашық бәсекелестік арқылы анықталады.
"Әлеуметтік желілерде клубтың жаңа иесі ретінде нақты бір адамның аты аталып жатқанын көрдім. Бірақ дәл қазір ол адамның сатып алатынын кесіп айта алмаймыз. Барлық процесс заң аясында жүріп, жеңімпаз тендер қорытындысы бойынша анықталады.” — деді Нұрбол Сыдықов.
Сатып алушыға қойылатын талаптар
Әкімдік тарапынан дайындық жұмыстары басталып кеткен. Техникалық құжаттамада болашақ иегерге немесе сатып алушы компанияға қойылатын арнайы шарттар мен талаптар нақты көрсетілмек. Қазіргі таңда бұл бағытта әлеуетті кәсіпкерлермен алдын ала келіссөздер жүргізіліп жатыр.