Аустрия - Қазақстан: бесінші матч қалай аяқталады?

07.10.2024, 14:13

Бейсенбіде Қазақстан Ұлттар Лигасының үшінші турында Аустриямен ойнайды. Линц қаласында өтетін матч қос құраманың арасындағы бесінші ресми ойыны болғалы тұр.

Аустрия - Қазақстан: бесінші матч қалай аяқталады?
Аустрия құрамасы

Линц қаласында өтетін матч қос құраманың арасындағы бесінші ресми ойыны болғалы тұр. Осыған дейін ұлттық құраманың жолы аустриялықтармен Әлем және Еуропа чемпионаттарының іріктеуінде түйіскен еді.     

Айтарлықтай басымдық қарсыластың жағында екен. Алғаш рет қос құраманың жолы 2010-жылы түйіскен: Еуро-2012 іріктеуінің А тобы. Ол компаниядағы бірінші ойында неміс бапкері Бернд Шторк тізгіндеген Қазақстан 2010-шылдың сегізінші қыркүйегінде сырт алаңда есе жіберді. Алдын-ала фаворит саналған алаң иелері Қазақстан қақпасының саңылауын 90 минут бойы таба алмай, тек төреші қосқан қосымша минуттарда жеңісті жұлып алған болатын (Линц, 90+1, Хоффер, 90+2). Ал екінші кездесуде Қазақстан азулы қарсыласымен терезесі тең өнер көрсетіп, ұпай бөлісті. Сөйтіп, Аустриямен тең ойнап Әзербайжанды жеңген арқасында 4 ұпай еншілеген біздің команда А тобын ең соңғы орынмен аяқтады. Аустриялықтар да алысқа ұзай алмай іріктеу сайыстарын үшінші орынмен түйіндеді.

Осыдан кейін Қазақстан мен Аустрия қайтадан іріктеуде жолықты. Бұл жолы ӘЧ-2014-тің компаниясы еді. С тобының аясындағы бірінші ойын Қазақстанның алаңында өткен. Мұнда тура екі жыл бұрынғы Еуроның іріктеуіндегі нәтиже айна қатесіз қайталанды. Қазақстан өз алаңында тең ойнап (0:0) қарымта матчта ұтылды (4:0). Ол кездегі командалардың құрамы толық жаңарған. Қарсылас сапында Марко Арнаутовичті ал қазақстандық құрамадан Бауыржан Исламханды айтуға болады. 2012-нің 16-қазанында Аустрияның алаңында болған ойында Бауыржан Исламхан өнер көрсеткен. «Ордабасының» жартылай қорғаушысы алаңға екінші таймның 70-минутында шықты. Мирослав Беранек жаттықтырған ұлттық құрама фарерліктерді артқа тастап, бесінші орынмен аяқтады. Қазақстанның топтағы жалғыз жеңісі де осы аралдық командамен болған еді. Ал Аустрияға осыдан екі жыл бұрынғыдай тек үшінші орын бұйырған. Бірақ бұл жолы айтарлықтай ілгерілеу байқалған: екінші орындағы Швецияға 3-ақ ұпайы жетпей қалды. Бұл топтан Швеция мен ешкімді қарсылас көрмеген Германия шыққан еді.

Сонымен, санаулы күндерден кейін жолығатын Қазақстан мен Аустрия арасындағы статистика мынадай: екі жеңіліс пен екі тең ойын. Голдар айырмасы – 6:0. Аустрия төрт ойында алты гол салса, өкінішке қарай біздің футболшылар әзірге қарсыласының осал тұсын таба алмай келеді. Командалар әзірше В дивизионының 3-тобында соңғы орындарды өзара бөлісіп тұр. Алғашқы екі турдан кейін қос құраманың қоржынында жалғыз ұпайдан ғана бар. Сондықтан, бейсенбінің кешіндегі кездесу екі командаға да маңызды болатыны анық. Словениямен сырт алаңдағы тең ойын мен Норвегиядағы сәтсіздігі Аустрияның абыройына нұқсан келтіріп тұр. Сол үшін алдағы бәсекеде алаң иелері барын сала ма деген ой келеді. Қарсыластың өзі де Қазақстанмен ойынның маңызын алға тартуда.

Аустрия құрамасының спорттық директоры Петер Шеттель:

«Біз бұл матчтарда қыркүйектегі ойындардан көрі жақсырақ өнер көрсете алатынымызды білеміз. Еуропа біріншілігі секілді ірі жарыстардан кейін жоғары деңгейді ұстап тұру әрине қиын, бірақ бұл тек біздің басымыздан өтіп жатқан жағдай емес. Бастысы бірінші бәсекені ұтып алып, содан кейін екіншісіне ауысу керек. Мұндай матчтарда біраз қиындықтарға тап болғанымыз рас. Оған қарсы тұруға байланысты нақты жоспар керек. Жетістік әкелетін стилімізді ұстанған жөн».

«Transfermarkt» порталына сенсек, құрамы жағынан қарсыласы Қазақстаннан бақандай 11 есе қымбат екен: Аустрияның 215,8 миллион еуросы Қазақстанның 19,8 миллионына қарсы. Осыған дейін Аустрия жеріндегі матчардың ұлттық құрама үшін сәтсіз болып келгенін мойындау керек. Ал Станислав Черчесов тізгіндеген команда бұл жағымсыз дәстүрді бұза ала ма?   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×