Ресейлік футбол агенті Антон Синьков 31 жастағы Сербиялық қорғаушы Иван Миладиновичтің Семейлік "Елімай" клубына ауысуына қатысты тың мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Агенттің айтуынша, бұл жолы футболшы трансфер мәселесін ешкімнің көмегінсіз, тікелей өзі реттеген.
Тікелей келіссөздер
Синьков Миладиновичпен әлі де тығыз байланыста екенін, алайда "Елімайға" ауысу процесіне араласпағанын атап өтті:
"Бұл жағдайда бәрі басқаша болды: клуб басшылығы Иванға тікелей хабарласқан. Ол — ересек жігіт, сондықтан мен оған келіссөздерді өзі жүргізуге рұқсат бердім. Оған ешқандай өкпем жоқ. Бұл трансфермен ол толықтай өзі айналысты.” — деді агент Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Агенттің мәліметінше, ауысу процесі өте жылдам өткен. Футболшы Семейге келе салысымен бір күннің ішінде медициналық тексерістен өтіп, клубпен ресми түрде келісімшартқа отырып үлгерген және бірден команданың жалпы тобында жаттығуға кіріскен.
Дегенмен, Синьков соңғы апталарда ойыншымен сөйлеспегенін, сондықтан оның қазіргі спорттық бабы мен дайындық деңгейі туралы нақты ақпараты жоқ екенін жеткізді.