Әзірбайжан құрамасының бас бапкері Джованни Де Бьязи УЕФА Ұлттар лигасының алғашқы турындағы Қазақстанмен болатын матч жайлы пікір білдірді:
- Ертеңгі матчқа арналған негізгі құрамды анықтап қойдыңыз ба?
- Мен бүгінгі матчта кімдердің ойнайтынын шешіп қойдым. Кейбір нәрселерді жаттығуда түзетеміз. Біз Ұлттар лигасының жаңа циклін бастаймыз. Өткен жылмен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсетіп, бұрын жіберген қателіктерімізді қайталамаймыз деп сенемін. Біз бір команда болып ойнаймыз. Мен командамыздың әлеуетіне сенемін.
– Стадионның жасанды төсеніші қиындық тудырмай ма?
- Жоқ, мен олай ойламаймын. Қазіргі футболда адамдар табиғи шөпте де, жасанды шөпте де ойнауға дағдыланған. Бізде Әзірбайжанда да осындай алаңдар бар, бірақ Нұр-Сұлтандағы төсеніш әлдеқайда жақсы және әдемі. Бұл біз үшін проблема болмайды.
– Ұлттар лигасындағы біздің топ туралы не айтасыз? Сіздің командаңыздың алдында қандай қиындықтар бар?
– Жалпы, топтағы командалардың деңгейі шамалас. Жалғыз фаворит – Словакия. Әзірбайжан, Қазақстан және Беларусь барлық кездесулерде ұпай үшін және топтағы екінші орын үшін күреседі. Физикалық жағдайы, тактикалық дайындығы қосымша артықшылық болады. Үш күн сайын ойнайтынымыз қалыпты жағдай емес. 11 күнде төрт ойын өткізуге тура келеді.
– Осындай қиын кестеге байланысты ертеңгі ойында ротация жасайсыз ба?
- Бұл бірінші матч болғандықтан, өте маңызды, жақсы ойнауымыз керек. Тек жеңіс үшін ойнайтын футболшылар шығады. Бұл матчтан кейін ғана ротация туралы айтуға болады. Біздің ойыншылар бір апта бойы ресми матчқа қатыспады, бәрі тың, сондықтан үздіктер ойнайды.
- «Тұранда» Эмиль Балаев мүлдем алаңға шықпай жүр.
- Ол командамыздағы үш қақпашының бірі. Олардың барлығы өте күшті, кейде таңдау жасауға қиналамын. Дегенмен алғашқы ойында қақпаны кімнің қорғайтынын шешіп қойғанмын. Эмиль келді, оның физикалық формасында қиындықтар болды. Бірақ қазір ол қалпына келді.
Біздің серіктес: FONBET