Әзірбайжан футболы туралы не білеміз?

02.06.2011, 18:46
Әзірбайжан футболы туралы не білеміз?

Еуропа чемпионаты іріктеу турниріне қатысып жатқан Қазақстан құрамасы 3 маусым күні Астананың «Астана-Арена» стадионында Әзірбайжан ұлттық командасын қабылдайды.«Әзірбайжан футболы» туралы сөз қозғағанда, біздің есімізге ең бірінші болып сонау кеңес кезеңінде көрінген Бакудің «Нефтянигі» түседі. Ол заманда одақ­тас республикалар астаналары атынан түсетін жалғыз команда сол жұмхұрияттың құрамасы сияқты еді. Кезінде осы мұнайлы өңір футболының флагманы саналған «Нефтяник» те сол есепте болды. Ол біздің «Қайрат» секілді КСРО халықтары спартакиадаларында республиканың бас жасағы ретінде ұдайы өнер көрсетіп отырды. Біздің бұл жерде кейінірек (1968 жылдан) «Нефтчи» атанатын команданың «Нефтяник» болған кезеңін ауызға алып отырған себебіміз, ол осы атаумен жүрген 1966 жылы Одақ чемпионатындағы ең жоғары табысына қол жеткізіп, бірінші және соңғы рет қола жүлдегер атанды. Ал қазақ және әзірбайжан футболының деңгейлері сол жылдары Алматының «Қайраты» мен Бакудің «Нефтяник» («Нефтчи») командалары арасындағы кездесулер арқылы айқында­лып тұрды. Бұл жасақтар КСРО чемпионаты «А» класының жоғары тобының 1960 жылдан 1988 жылға дейінгі аралығындағы кезеңде бір-бірімен 40 мәрте кездесіп, солардың тең жартысында, яғни 20-сында алматылықтар жеңіске жетті. Тағы 4 ойынды тең аяқтаған біздің жерлестеріміз қалған 16 матчта жеңіс тізгінін қарсылас­тарына беріп қойды. Осы кездесулерде екі команда бір-бірінің қақпасына 48 реттен доп соғып, тең нәтиже тіркеді. Міне, байқалып тұрғандай, бакулік коман­даның біріншіліктегі табысы біздікіне қарағанда, қомақтылау көрінгенімен, екі жақты кездесулердің ыңғайында алматылықтардың десі біршама басым шықты. Мұның есесіне, Апшерон түбегіне футбол ойыны Қазақ сахарасына қарағанда, бұрынырақ барды. Бұған, әлбетте, осындағы мұнай кен орындарын игеруге ағылшын кәсіпшілерінің араласуы тікелей әсер етті. Соның негізінде әзерилердің алғашқы футбол клубтары 1905 жылы пайда болды. Олардың барлығы дерлік Баку мұнай өнеркәсібі компанияларының аттарынан өнер көрсетті. Ал республи­кадағы бірінші ресми чемпионаттың өте бастауы 1911 жылмен тұспа-тұс келеді. Егер Қазақстандағы ең алғашқы футбол командасының 1913 жылы Семейде «Ярыш» («Жарыс») деген атпен қатарға тұрғанын еске алсақ, әзірбайжан қардаштарымыздың бізден сәл де болса алда тұрғанын аңғару қиын емес. Олар өздерінің бірінші халықаралық жарыстарын 1912 жылы өткізді. Осы жолы «Баку» командасы Тбилисиде жергілікті «Сокол» командасымен ұшырасып, 4:2 есебімен жеңіп шықты. Әзірбайжан Республикасы КСРО-дан бөлініп, тәуелсіздік алып шыққаннан кейін, 1992 жылғы наурызда футбол федерацияларының ассоциациясын құрды. Ол 1994 жылы УЕФА мен ФИФА-ның құрамдарына қабылданды. Тәуелсіз Әзірбайжан алғашқы дербес ұлттық біріншілігін өткізуді 1992 жылы қолға алды. Осы жылы чемпионат жүлдесін сарапқа салуға рекордтық мөлшердегі үміткерлер – 26 команда қатысты. Бүгінде біріншілігінде тұрақты 16 жасақ күш сынасатын Әзірбайжан елі бұл доданы Еуропада кеңінен тараған екі айналымдық жүйемен, яғни күз-көктем кезеңі бойынша өткізеді. 2008-2009 жылғы маусымнан бастап мұндағы Жоғары лига біздегідей «Премьер-Лига» атанды. Осы кезге дейін Әзірбайжан құрамасы 4 реттен әлем және Еуропа чемпионаттарының іріктеу турнирлеріне қатысты. Әлбетте, оларда аузымен құс тістейтіндей табыстарға жете алмағаны айтпаса да түсінікті. Бірақ терме команда тіршілігінде ілгері өрлеушіліктің бар екендігі ешқандай күмән туғызбайды. Айталық, әзери милли жасағы 1996 жылы мәреге жеткен Еуропа чемпионатының іріктеу жарысында 10 ойынның біреуінде ғана тең түсіп, қалғандарында ұтылып, сонымен қатар, қарсыластар қақпасына 2 доп қана салып, өзіне 29 доп жіберіп алса, 2008 жылы 12 ойында 1 жеңіс, 2 тең және 9 жеңіліс нәтижесімен доп айыр­масын 6-28 етті. Әлем чемпионаты үшін іріктеу турнирлерінде де осындай оң сапалық өзгерістер бар. Оның 1998 жылы аяқталған додасында 8 ойында 1 рет жеңіп, қалғандарын түгел жеңіліспен бітірген, доп айырымын 3-22 көрсеткішімен тиянақтаған әзерилер 2010 жылғы көмбеде 10 ойындағы 1 ұтыс, 2 тең және 7 ұты­лыс көрсеткішімен қоса, 4-14 деген доп айырмашылығын жасады. Еуропа бірінші­лігінің қазіргі бесінші мәрте өткізіп жатқан турнирінде де әзерилердің дәл қазіргі жағдайы біздікінен тәуірлеу. Атап айтқанда, олар 4 ойында 1 рет жеңіске жетіп, 3 мәрте жеңіліп, 3 ұпаймен турнир көші легінде бесінші болып келеді. Доп айы­рымдары – 3:13. Ал одан бір ойынды артық өткізіп, соңғы орында тұрақтап қалған Қазақстан құрамасы есебінде әзірге жеңілістен басқа көрсеткіш жоқ. Оның үстіне осы 5 ойында қарсыластар қақпасы құлпын бір рет те дәл көздей алмадық. Өзімізге өткізген доп саны 14-ке жетті. Тәуелсіздің жылдарында осы екі бауырлас елдің құрамалары бір-бірімен 8 мәрте кездесті. Олардың арасында Еуропа біріншілігі үшін іріктеу ойындар да, жолдас­тық кездесулер де бар. Мұнда қарсыластар көрсеткіштері барлық жағынан тепе-тең түсіп тұр. Атап айтқанда, олар бір-бір реттен жеңіске жетіп, алты ойынды тең бітірген. Екі жақтың бір-бірлерінің қақпаларына түсірген доптары да бірдей – 8:8. Екі команданы да шетелдік мамандар жаттықтырады. Атап айтқанда, әзерилер милли терме командасының тізгіні неміс Берти Фогтстің алақанында болса, біз бас жасақ делбесін чех Мирослав Беранектің қолына бергенбіз. Біздің жаттықтырушы осы жолы өзінің ресми матчтағы тұсауын кеспек. Әзірге оның Беларусь құра­масымен өткен жолдастық кездесуді 1:1 есебімен тең аяқтатқан көрсеткішін ғана білеміз. Ал осының алдында бізде де құрама билігі неміс бапкерінің қолында болған. Ол көктетпегесін, өткен жылдың ақырында онымен ақыры қоштасуға тура келді. Футбол мамандары қазір Астанада өткелі тұрған бұл матч нәтижесінің екі команда үшін де бетбұрысты кезең болуы ықтимал екенін айтып отыр. Сондықтан екі құра­маның да жауапты ойынға жан-жақты дайындалып келетін түрі бар. Екі жақ та бұдан бірқатар уақыт бұрын осы кездесуге қатысуы мүмкін ойыншылардың ұзын-сонар тізімін жасап қойды. Біздің құрамаға бірқатар уақыттарға созылған үзілістен кейін Самат Смақов қайтып оралды. Оның есесіне, бас команданың соңғы кездердегі лидерлерінің бірі, еліміздің өткен жылғы үздік футболшысы Нұрбол Жұ­масқалиев жоқ бұл сапта. Әзірбайжандар бас жаттықтырушысы Берти Фогтс 3 және 7 маусым күндері Қазақстан және Германия командаларымен кездесу үшін белгілеген құрамда мұндай өзгерістер жоқ есебі. Ал оларды тізіп көрсетіп беру жанкүйерге пәлендей артық мәлімет бере қояды деп ойламаймыз. Себебі, біздің қазіргі құрамада кезінде «Қайраттың» тарландары танылған мықтылармен деңгей­лесе алатын бірде-бір футболшының жоқ екендігі тәрізді, әзірбайжандар сапында да сол замандағы Бакудің «Нефтянигінде» атой салған Алекпер Мамедов, Юрий Кузнецов, Александр Семин, Вячеслав Брухтий, Яшар Бабаев, Казбек Туаев, Эдуард Маркаров, Анатолий Банишевский, Николай Смольников, Рафик Кулиев, Виталий Шевченко, Игорь Пономарев сынды жұлдыздармен шегіне шендес келетін ешкім көрінбейді. Серік ПІРНАЗАР, Астана.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×