Әзірбайжанға әзер дегенде әліміз жетті

07.06.2011, 14:10
Әзірбайжанға әзер дегенде әліміз жетті
Футболдан 2012 жылы Польша мен Украинада өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде бақ сынап жүрген Қазақстан құрамасы өткен аптада өзінің алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жасыратыны жоқ, бұл сәтті біз тым ұзақ күттік. Бұған дейін де сүреңсіз ойнап жүрген жерлестеріміз аталмыш турнирде жеңілістен бір бас көтермеді. Бес кездесудің барлығында ұтылып, өз қақпамызға 14 доп жіберіп алдық. Өздеріміз нысананы бір рет те дәл көздей алмадық. Бұл жайт, әрине, ешкімді қанағаттандырған жоқ. Сол себепті ұлттық құрама бапкері ауысты. Бұған дейін бас командамызды жаттықтырып келген неміс Бернд Шторк қызметінен кетіп, оның орнына Мирослав Беранек келді. Серб маманының да қадамы аса құтты болған жоқ. Биылғы жылдың алғашқы кездесуі 26 наурыз күні өтіп, сол бәсекеде қазақстандықтар Германия құрамасынан 0:4 есебімен ұтылды. Бұл сәтсіздіктен Беранек сабақ алған екен. Әзірбайжанға қарсы кездесуге біздің футболшылар тыңғылықты даярланды. Бірқатар оқу-жаттығу жиынын өткізген жерлестеріміз бұл матчта қалай да үш ұпай алуды көздеді. Маңызды ойын қарсаңында жарақат алған Давид Лорияның орнына «Ордабасының» қақпашысы Роман Нестеренконы шақыртты. Сонымен қатар алғы шепке Сергей Остапенко мен Сергей Гридин сынды қос шабуылшыны жіберді. Осы жайттың өзі Қазақстан құрамасының бұл матчқа қандай мақсатпен шыққанын аңғартса керек. Бірінші кезеңде алаң иелерінің басымдылығы анық байқалды. Біздің ойыншылар жиі шабуылдап, қарсыластарын қыспаққа алуға тырысты. Бірақ қателіктерге жиі бой алдырып, көздеген мақсаттарына жете алмады. Өз кезегінде Әзірбайжан құрамасы да қарап қалған жоқ. Олардың кемінде екі рет гол соғуына мүмкіндіктері болды. Вагиф Джавадовтың бұрыштамадан берген добын біздің қақпашы әзер қайтарды. Одан кейін Әлиев аяғының астындағы допты дәл тебе алмай, бармағын тістеп қалды. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін жасыл алаңдағы жағдай шиеленісе түсті. 57-минутта қос шабуылшымыз шашаларына шаң жұқтырмай кетіп, бір-біріне әдемі пас берді. Оның ақыры Гридиннің гол соғуымен аяқталды. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Арада алты минут өткенде әзірбайжандықтар таразы басын теңестірді. Қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған Надыров қақпашымен бетпе-бет қалып, таразы басын теңестірді. Жүйкеге салмақ түсіретін сәтте жерлестеріміз жанкештілік танытты. Бар-жоғы бес минут өтпей жатып, Марат Хайруллиннің пасын дұрыс қабылдай білген «Тобылдың» сұрмергені нысанаға дәл соқты. Есеп - 2:1. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы «Еуро - 2012» додасының топтық турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осы табысының арқасында олар үш ұпайға иелік етті.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×