Футболдан 2012 жылы Украина мен Польшада өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысып жатқан командалар бұл күндері даярлық жұмыстарын жүргізуде. Солардың бірі - Қазақстан құрамасы. Естеріңізге сала кетейік, 3 маусым күні жерлестеріміз «Астана-аренада» Әзірбайжан құрамасын қабылдайды.
Қос команда да өз тобының аутсайдерлері. Екеуі де «Еуро-2012» додасының жолдамасынан әлдеқашан айырылған. Десек те, Қап тауы өкілдерінің жағдайы бізге қарағанда жақсы. Төрт мәрте жасыл алаңға шыққан олар сол кездесулердің үшеуінде ұтылып, біреуінде жеңіске жетті. Анау-мынау емес, атышулы Түркия футболшыларының өзіне тізе бүктірді. Соның арқасында үш ұпайды қоржынға салды. Өз қақпасына 13 доп жіберіп алған әзірбайжандықтар қарсыластар қақпасын үш мәрте дәл көздеген екен. Ал біздің жағдай, тіптен нашар. Бес ойынның барлығында ұтылдық. 14 рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр болдық. Өзіміз бірде-бір рет допты торда тулата алмадық. Нәтижесінде, еншімізде соқыр ұпай да жоқ. Осы кездесуде сол олқылықтың орны толып, жергілікті аяқ доп шеберлері өз жанкүйерлерін қуантады деген үміттеміз.
27-31 мамыр аралығында Қазақстанның ұлттық құрамасы Алматының іргесіндегі Талғар қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Одан кейін даярлық жұмыстарын Астанада жалғастырады. Команданың бас бапкері Мирослав Беранек Әзірбайжанға қарсы кездесуде мына ойыншыларға сенім артатынын білдірді:
Қақпашылар: Андрей Сидельников («Ақтөбе»), Александр Мокин («Шахтер» Қарағанды), Владимир Логиновский («Жетісу»);
Қорғаушылар: Самат Смақов («Ақтөбе»), Юрий Логвиненко («Ақтөбе»), Сергей Каримов («Вольфсбург», Германия), Марк Гурман («Локомотив» Астана), Михаил Рожков («Локомотив» Астана), Қайрат Нұрдәулетов («Локомотив» Астана), Мұхтар Мұхтаров («Ордабасы»);
Жартылай қорғаушылар: Марат Хайрулин («Ақтөбе»), Қазбек Гетериев («Жемчужина» Сочи, Ресей), Серікжан Мұжықов («Жетісу»), Ұлан Қонысбаев («Локомотив» Астана), Марат Шахметов («Локомотив» Астана), Генрих Шмидтгаль («Оберхаузен», Германия), Мақсат Байжанов («Шахтер» Қарағанды), Жамбыл Көкеев («Шахтер» Қарағанды), Виталий Евстигнеев («Ордабасы»);
Шабылушылар: Сергей Лисенков («Ақтөбе»), Сергей Остапенко («Жетісу»), Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы»), Сергей Гридин («Тобыл»).