Әзірбайжаннан емес, Бразилиядан жеңілдік

26.02.2011, 21:06
Әзірбайжаннан емес, Бразилиядан жеңілдік

Футзалдан Бакуде өтіп жатқан 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік турнирінде Қазақстан құрамасы Әзірбайжан намысын қорғаған ойыншылардан 3:6 есебімен ұтылып қалды. Әміржан Мұқанов жаттықтыратын футзалшыларымызды Әзірбайжан құрамасынан ұтылды дегеннен гөрі Бразилия ойыншыларынан жеңілді деген дұрыс шығар. Өйткені осы матчтағы алты голды да Әзірбайжан азаматтығын алған Бразилия майталмандары соқты. Әрі олардың бірінші төрттігінде үш оңтүстікамерикалық футзалшы ойнады. Енді біреуі қосалқы құрам орындығында отырып, алаңға шығып тұрды. Сондай-ақ бұл елдің құрамасын осыдан бірер жыл бұрын Алматының «Қайрат» футзал клубының бас бапкері болған Бразилия маманы Жозе Алесио да Силва жаттықтырады. Осы елдің намысын қорғап жүрген бразилиялықтардың біреуі, атап айтқанда, Биро Жаде осыдан біраз уақыт бұрын «Тұлпар» (Қарағанды) клубының сапында ойнаған. Қазақстан құрамасы қақпасына соғылған алты голды үш бразилиялық футзалшы қос-қостан енгізді (Сержао, Фелипе, Био Жаде). Ал Қазақстанда жүрген бірнеше Бразилия футзалшысына көз ілмеген Әміржан Мұқанов бұл ойынды төрт қазақ жігітімен бастап, бірінші төрттікте алаңға Дінмұхамед Сүлейменовті, Серік Жаманқұловты, Дәурен Нұрғожинді, Шыңғыс Есенамановты шығарды. Біздің құрама сапынан голдарды Серік Жаманқұлов, Николай Казаков және Павел Таку соқты. Автор: Әлихан Жаппар

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Алдыңғы жаңалық
Жеребе анықталды
Келесі жаңалық
Kz sport 1 ұсынады
Aladop Youtube
×