“Астана” бас бапкері Григорий Бабаян Премьер лиганың 24-туры аясында өткен “Оқжетпеске” қарсы (2:1) ойынды қорытындылап, команда ойыны мен жанкүйерлердің қолдауын ерекше атап өтті.
Бабаян матчтан кейін:
"Біз ойынды жақсы бастадық, тез гол соқтық. Бірінші таймда тағы да бірнеше нақты мүмкіндікті пайдалана алмадық. Қарсылас өте төмен блокпен қорғанып, тек қарсы шабуылға иек артты. Мұндай кезде жылдамдық қосу, қорғанысты бұзу оңай емес. Соған қарамастан, шабуыл шебінде көп мүмкіндіктер болды. Камара екі рет айып алаңынан соққы жасады, Назми де өз сәтін пайдалана алмады, Джеффри, Томасовтар да мүмкіндік алды. Кей жерлерде дәлдік жетіспеді, кейде асығыстық кедергі болды.
2:0 болғанда есепті ұлғайтуға мүмкіндік туды, бірақ өз қақпамызға күтпеген гол жіберіп алдық. Дегенмен, бұл өте маңызды жеңіс. Енді тағы да ұзақ үзіліс бар. Жанкүйерлерге алғыс білдіремін – біз олардың қолдауын сезінеміз, естиміз. Мұндай матчтарда бәріміз бір мақсатта болғанымыз өте маңызды. Барлығын жеңіспен құттықтаймын.”