"Астананың" бас бапкері Григорий Бабаян Премьер лиганың 22-турындағы "Жеңіске" қарсы өткен матчты қорытындылады.
"Өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Ең алдымен бүгінгі жеңіліс үшін жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Өйткені бұл дерби, мұнда артық сөздің қажеті жоқ."
– 75-минут, есеп 2:2 болып тұрған кезде сіз Усман Камараны Абзал Бейсебековке алмастырдыңыз. Неге? Есепті ұстап қалу үшін бе? Қосалқы құрамда шабуылды күшейтетін ойыншылар болды ғой, мысалы жаңа шыққан Басманов?
"Бізде орталықта мәселелер туындады, сол себепті Абзалды шығардық."
– Бірінші таймда бәрін шешуге болатын сәттер көп болды. Камара мен Чинедудің бірнеше мүмкіндігі зая кетті. Мұндай іске асырылмаған голдық сәттерге қандай шара қолданасыз? Мысалы, біреуін қосалқы құрамға отырғызу немесе басқа ойыншыға мүмкіндік беру секілді.
"Сізбен келісемін. Мысалы, Камара қақпашыны да, жарты команданы да алдап өтті, енді тек қақпаға салу ғана қалды, бірақ сала алмады. Бұрын бізде тәртіп болатын, айыппұл да салатынбыз. Ал қазір ешқандай сыйақы алмаймыз, сондықтан басқару қиындау. Мотивация бересің, "шығыңдар, бұл – дерби" дейсің. Бірінші тайм жақсы шықты, екінші тайм жоқ. Жігіттердің жанқиярлығы мен еңбегіне сұрақ жоқ. Бірақ шындық ойынды 30-минутта-ақ жабуға болар еді."
– Өткен жылы да "Астана” "Жениске” қарсы ұпай жоғалтып, чемпиондықтан қағылған еді. Биыл да сондай қауіп жоқ па? Әсіресе қақпашылардың қателіктері қайталанып жатыр.
"Жоқ, бір-біріне байланысы жоқ. Әркім қателесуі мүмкін. Мен Сейсенді кінәламаймын. Жай ғана қарапайым көрінген сәтте қателесті. Бірақ ол талай матчта бізді құтқарды. Қазір бастысы жұмысқа шоғырлану. Көп жақтан сын мен негатив келеді, оны түсінемін. Бірақ басты мақсат келесі ойынды жеңу. Бұл психологиялық тұрғыда өте маңызды."
– "Жеңіс" дербиге әрқашан ерекше мотивациямен шығады. Ал "Астана” ойыншылары керісінше, жай матч сияқты қабылдайды деген пікір бар.
"Жоқ, мен олай ойламаймын. Бірінші таймда біз өте жақсы ойнадық. Маған бірінші тайм толықтай ұнады."
– Алда 6 шешуші матч бар. Команда чемпиондық үшін күресте қала ма?
"Әрине, қалады. Бұл футбол жылдам қайта қалпына келуді білу керек. Бұл ойынды ұмытып, енді "Қайсарға" дайындаламыз. Барлығы өз қолымызда."
– Команда тек алғашқы 20 минут қана ойнағандай әсер қалдырды. Одан кейінгісі босаңсу. Бұл мотивацияның жоғалуы ма?
"Жоқ, бірінші таймда бізде жеткілікті сәттер болды. “Жеңіс" мықты команда, қарсы шабуылдары бар. Бірақ екінші таймда шынымен қиындықтар пайда болды. Кейбір футболшылар ұзақ уақыт алаңға шықпаған. Башич кеш қосылды, Нурали қатарынан екінші матчты ойнап жатыр, ол өзінің максимумын 60 минут деді. Томасов бұл матчты өткізіп алды. Сол себепті екі-үш ойыншының ойыны жүрмегенде бүкіл команда қиналады. Тактиканы да өзгертіп көрдік, бірақ нәтиже шықпады."