Бахтиер Зайнутдинов: «Францияға қарсы матчта сенсация жасауға тырысамыз»

Ермұхамед Мәулен
Ермұхамед Мәулен
Бас редактор
27.12.2020, 21:18
Ресей Премьер-лигасында қысқы үзіліс басталғандықтан, Зайнутдинов қазір демалыста жүр
Бахтиер Зайнутдинов: «Францияға қарсы матчта сенсация жасауға тырысамыз»

Ресейдің ЦСКА клубында өнер көрсететін Бахтиер Зайнутдинов «Аладоп.кз» сайтына арнайы сұқбат берді.

- Бахтиер, Қазақстан құрамасының Әлем чемпионаты іріктеуіндегі қарсыластары белгілі болды. Жеребе жайлы не ойлайсың?

- Әлбетте жеребе ауыр түсті. Франция Әлем чемпионы, Украина футболшылары Англия чемпионатында ойнайды. Финляндияның өзі де оңай емес. Ал Босниямен тартысып көруге болады. Дегенмен әр матчқа тыңғылықты дайындықпен шықсақ, сенсация жасауға болады.

- Матчтар қайтадан «Астана Аренада» өтуі мүмкін. Стадионға жаңа жасанды алаң төселді. Соның арқасында лицензия алды. Бұл құрама үшін жақсы ма?

- Әлбетте құрама команда үшін «Астана Аренада» ойнаған пайдалы. Мысалы, сол стадионда Франциямен ойнасақ неше түрлі қызық болуы мүмкін. Оларға мұндай стадионда ойнау қиын болады. Бірақ, шынын айтқанда жаңа жасанды алаңда әлі өзім де ойнап көрген жоқпын. Сондықтан оның сапасын әлі білмеймін.

- Бауыржан Исламханның допинг дауына ұшырауына байланысты не пікір білдіресің?

- Бауыржан өте қарапайым, әрі тәрбиелі адам. Ол ондай қулыққа баратын адам емес. Дәрігерлердің қателігінен осындай жағдайға ұшырап отырған шығар. Бәлкім бұл аяқасты болған оқиға шығар. Лозаннадағы сотқа шағым айтып, Исламхан оны жеңіп шығады деген ойдамын. Біз Бауыржанмен біргеміз. Бүкіл қазақстандық футболшылар оны қолдайды.

- ЦСКА-да Гончаренко сені біресе сол қапталда, біресе оң қапталда ойнатады. Ал саған ортада ойнаған ұнай ма?

- Ұнайды, ұнамайды деген әңгіме жоқ. Бапкер қай жерге қояды, сол жерде ойнай беремін. Әмбебап футболшыға айналып кеттім. Бірақ, мен үшін ең бастысы ойнау.

- Жанкүйерлерге айтар қандай тілегің бар?

- 2020 жыл өте қиын өтті. Жанкүйерлер футболды трибунадан тамашалай алмады. Енді 2021 жылы жанкүйерлер стадионға қайта оралады деген ойдамын. Ресейде стадионның 20 пайызына фанаттар кіруге рұқсат алды. Қазақстанда футбол маусымы басталған кезде барлығы жақсы болады деп ойлаймын. Қазақ жанкүйерлеріне зор денсаулық тілеймін.

Сұқбаттасқан Ермұхамед Мәулен

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×