Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі соңғы ойында алаңға шықпайды.
Футболшы Солтүстік Македониямен өткен кездесуде сары қағаз алып, бұл оның іріктеу кезеңіндегі екінші ескертуі болды. Бұған дейін ол Лихтенштейнмен (4:0) матчында да ескерту алған еді. Ережеге сәйкес, екі сары қағаз алған ойыншы келесі ойыннан автоматты түрде шеттетіледі.
Осылайша, Зайнутдинов 15 қараша күні Астанада өтетін Қазақстан – Бельгия матчына қатыспайды. Бұл ойын ұлттық құрама үшін іріктеудегі соңғы кездесу.
Соңғы матчтарда команданың басты көшбасшыларының бірі ретінде ерекшеленіп жүрген Бахтиер Зайнутдиновтың жоқтығы команда үшін елеулі шығын болатыны анық.