Бахытжан Пазылхайыр: “Қазақстан құрамасы 2030 жылғы Әлем чемпионатына шығуға лайық”

04.11.2025, 14:20

Қазақстан футбол федерациясының кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды ұйымдастыру дирекциясының жетекшісі Бахытжан Пазылхайыр ел футболының даму бағыты мен алдағы мақсаттары туралы айтып, ұлттық құраманың 2030 жылғы Әлем чемпионатына шығуына сенім білдірді.

Бахытжан Пазылхайыр: “Қазақстан құрамасы 2030 жылғы Әлем чемпионатына шығуға лайық”

Бұл туралы ол "Түйін" бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді. Пазылхайырдың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚФФ 2025 жылдан 2030 жылға дейінгі аралықты қамтитын футболды дамыту стратегиясын әзірлеген.

"Бұл стратегиялық құжаттың басты мақсаты – Қазақстан құрамасының 2030 жылғы Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығуын қамтамасыз ету. Біз осы бағытта нақты жол картасын дайындадық және оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осы жоспар толық орындалса, біз өз мақсатымызға міндетті түрде жетеміз деп сенемін.” — деді ол.

Федерация өкілінің сөзінше, жаңа стратегия тек ұлттық құраманың нәтижесіне ғана емес, жалпы елдегі футбол экожүйесін дамытуға бағытталған. Оның ішінде жасөспірімдер академияларының жұмысын жетілдіру, бапкерлердің біліктілігін арттыру, клубтық инфрақұрылымды жақсарту және ішкі чемпионаттың деңгейін көтеру сынды міндеттер қамтылған.

Бахытжан Пазылхайыр соңғы жылдары Қазақстан футболының айтарлықтай өсім көрсеткенін де атап өтті. Еуропа чемпионаты мен Ұлттар лигасындағы табысты ойындар, отандық футболшылардың шетел клубтарында ойнауы – болашаққа үміт сыйлайтын оң өзгерістердің көрінісі.

"Қазір біздің құраманың рухы мықты, сенімі жоғары. Егер осы бағытты сақтап, жүйелі дамуды жалғастырсақ, 2030 жылы Қазақстан Әлем чемпионаты алаңында өнер көрсетуге толық мүмкіндік алады." — деп түйіндеді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×