ҚР Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев футбол клубтарын жекешелендіру мәселесі жөнінде жолдаған депутаттық сауалының жауабын жария етті.
Халық қалаулысы қазақ футболындағы өткір де өзекті дүниелерді тиек еткен сауалы мен оған берілген ресми жауап туралы mazhilis.kz инстаграмм-желісінде айтқан болатын.
«Бірінші сұрағым – футбол клубтарын дереу жекешелендіру керек» дедім. Мінеки, «Қызыл-Жар», «Қайсар», «Жеңіс» және «Шахтер» футбол клубтары жекеменшіктің қолына кетіп жатыр деді. Бұдан бөлек тағы да «Тараз», «Елімай» және «Ертіс» футбол клубын жекеменшікке беру бойынша инвесторлар тартылы жатыр деді. Қазір, міне бір ай өтті арада, инвесторлар келді. Бұл үрдіс ары қарай жұмыс істеуі керек, барлығын жекеменшікке беру керек. Бюджеттің мойнында отырмауы керек.
Екінші ұсынысымды айттым – қаражатты түгелдей зерттеп-зерделеңіздер дедім. Мемлекеттік аудитттік органдар мен өңірлік тексеру комиссиялары тарапынан 12-ден астам жоспарлы және жоспардан тыс бақылау жұмыстары атқарылды дейді. Бұл да ұсынысымның жүзеге асқаны. Соның негізінде кәсіпқой футбол клубтарын қамтитын басқа да мекемелердің қызметі қаралып 100-ден аса заңбұзушылық анықталған. Ойлаңыз, 12 тексеруден 100-ден аса заңбұзушылықтар анықталған, яғни әр тексеруде 10-нан аса заңбұзушлық анықталған. Олар не дейсіздер ғой - қаржының мақсатсыз жұмсалуы, артық төлемдер төлеу, қайталанатын қызметтер мен тиімсіз жоспарлау деректері тіркелді деп тиісті жауап берді. Сонымен қатар, «Ақтөбе» мен «Қызыл-Жар» клубтарына қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамалар жасалды. 2025-жылы «Ақтөбе» футбол клубына қатысты облыстық прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде 250 миллион теңгеден астам қаржының мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Ол ақша қайда кетті, көрерменге айтайын, «ойыншыларға ішкі ережелерсіз сыйақы мен бонустар төлеу үшін кеткен, мердігер ұйымдар мен шарттар бойынша қызмет бағасын асырып көрсетудің салдарынан 250 миллион теңгеден айырылғанбыз. Міне, көрдіңіз бе, қандай сорақылық? Халық ана жақта, әлеуметтік тұрғыда мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар көмек сұрап жатыр, ал біз футболға бөлеміз, жарайды одан нәтиже жоқ, оны да жарайды, нәтиже бір шығып қалар деп жатсақ, алған қаражатты талан-таражға салу әрекеті, міне проблема.
Үшінші ұсынысым – жаттықтырушылардың жалақысын көтеріңіздер деген ұсыныс болды. Мінекей, 2026-жылғы 1–қаңтардан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы, оқытушыларына біліктілік шеберлігі үшін лауазымдық жалақысына 30 пайыз көлемінде қосымша ақы төлеу белгіленді. Оған 2025-2028 республикалық бюджет жобасында 1.8 миллиард теңге қарастырылды. Бітті, шешімін тапты. Міне, республикадан көтердік, енді ауылда істейтін спорт жаттықтырушылары бар соларға жергілікті жердің бюджетіненде ақша бола тұрып тағы қосымша 25 пайыз беремін десеңіз, заңмен рұқсат! Дәл осы сауалға келген жауапқа толықтай көңілім толады, жүзеге асырып жатырмыз. Алдағы уақытта Туризм министрлігімен бірге және Әлеуметтік салаға жауапты вице-премьермен бірге бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Ары қарай да сала мамандарынан, халықтан келген талап-тілектерді жүзеге асыруды жалғастыратын боламыз», - деді Н. Сәрсенғалиев.