Балалар футболына неге көңіл бөлмейміз?

06.02.2022, 13:59
Қазақстандағы футболдың дамымау себебі де осы.
Балалар футболына неге көңіл бөлмейміз?

Қазақ балаларының талантына әбден көз жеткендіктен балалар футболына уақытымды арнап жүрмін. Бірақ неге ол талантты балалар жарып шыға алмай жатыр? Мәселе осында. Себебі біздегі жағдайлар талантты өлтіруге құрылған. Қысқасы осы. Таланттар көп жағдайда әлеуметтік жағынан әлсіз отбасылардан шығады. Олар жағдайының жоқтығынан көп кедергілерге ұшырайды. Кедергілердің түрлері: рухани, физикалық және материалдық. 

Рухани: жаттықтырушысы, ата анасы, ортасынан алған психикалық трамвалар, қысымдар, ойында жеңілген кездегі психикалық жарылыстар, буллинг кезінде психикалық жарақатын емдетуді білмейді. Психикалық қолдау ала алмайды. Ол травма тереңдеп асқынып, ауыр зардабын тартады. Рухани мәселеге мен білімді де қосар едім. Футбол мен білімді ұштастыра алмау үлкен қателік. Футбол мәдениетін, философиясын білмеу, футболға қатысты кез келген ақпараттан тыс қалу, әлеуметтік жауапкершілікті үйренбеу, футбол арқылы білімді үйрену, секілді мәселелер. Футбол деген ол тек физикалық дененің доп тепкені емес. Ол доп тепкен дененің рухының мықты болуы, білімді болуы, ақылды болуы өте маңызды. Ақылды, білімді бала ғана футболист болады. Біздің жағдайда аталған білімдерді беретін мамандардың болмауы себепті, құр дененің доп тепкені үшін таланттар суарылмаған жеміс секілді солуда. Немесе, небір талантты балалар 1-2 керемет нәтиже көрсетеді де жұлдыз ауруына тез шалдығып, өшіп қалады. Осындай түрлі мәселелерге қарсы «иммунитеттің» болмауы таланттардың өшуіне себеп болуда. Рухани жағынан әлсіз баладан ешқашан футболист шықпайды. 

Физикалық: баланың физикалық дұрыс жетілуі үшін қажетті витаминдер мен тағамдарды іше алмауы. Физикалық травма алған кезде оның алдын алу мен емделуіне мүмкіндігінің болмауы, алғашқы көмекті беруге айналасындағылардың біліктілігінің болмауы, спорт медицинасының дамымағаны себепті денсаулығындағы трама, ақауды дұрыс емдей алмау сияқты көптеген кедергілердің кесірінен көптеген таланттар ерте өшті және өшіп жатыр. 

Материалдық: бұл өте өзекті тақырып. Себебі барлық мәселе қаржыға, материалдық жағдайға тіреледі. Егер материалдық әлеуметтік жағдайы төмен ортадан шыққан талант болса, онда ол қайда барса да осы кедергі аяғына тұсау. Дамыған елдердегідей, таланттарды қолдау мәдениеті де бізде дамымаған. Байлықты халықпен бөлісу мәдениеті жоқ. 

Қош делік, қалталылар талантқа қаржы бөлмегенімен бюджеттен миллиардтап бөлінді емес пе? 30 жыл ішінде бюджеттен бөлінген жүздеген миллиард қаржы, іргетасы жоқ үй салуға жұмсалды. Қазақстан футболының іргетасы – балалар футболы. Ал балалар футболына бұл қаржының шеті де жұмсалды деп ойламаймын. Себебі бізде балалар футболы ең керексіз салаға айналған: клубтың ішіндегі бюджеті ең азы – балалар футбол орталығы, айлығы ең төмені балалар жаттықтырушысы, инвентарьы жұпыны, еш жағдайы жоқ – балалар футболы. Яғни Қазақстан футболы - іргетасы жоқ үй секілді. 

Еуропалық жаттықтырушылардың өңі түгілі түсіне кіре алмайтын жағдайда өскен Қазақстан футболшыларына (ұлттық құрамаға, кәсіби клубтарға) еуропалық жаттықтырушыларды әкеліп қояды. Іргетасы жоқ жерге олар қайдан және қалай үй салсын? Нәтижесі ортада: 30 жылда ол еуропалық жаттықтырушылар 1 қадам алға сүйрей алмады. Әлемнің небір сиқыршы жаттықтырушыларын әкелсеңіз де ештеңе істей алмайды. Себебі іргетасы жоқ. Футбол мәдениетінен, философиясынан, тактика техникасынан, тәжірибесінен, теориясынан, медицинасынан, психологиясынан, инфрақұрылымынан, тб футболға қажетті барлығынан ауылы алыста өскен балаға – ол шөлде егін еккенмен бірдей. Алдымен жерді құнарландырып, еккен егінді күтіп баптамай жемісін күту - ол ақымақтық. 

Балалармен тікелей жұмыс істейтін – ол жаттықтырушы. Ал клубтарда балалар жаттықтырушының емес, балалармен тікелей жұмыс істемейтін клуб қызметкерлерінің: директоры, менеджері, заңгері, бухгалтері, тб айлығы жағдайы жақсы. Керісінше клубтарда айлығы ең көп балалар жаттықтырушыларынкі болуы керек, оның біліктілігін арттыру үшін еуропа клубтарына, семинар, тренингтеріне қатысуын қамтамасыз ету керек. Қазақстан футболы - ең маңызды жерден (балалар футболынан) қаржы үнемдейді де 10,11, 12-кезектегі мәселелерге қаржыны төгеді.

Фазылбек Әбсаттарұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×