Балалардың ақшасын легионерлерге үлестірмек болды ма? – “Тобылдан” 728 миллион теңгені тартып алмақ болған прокурорлар сотта масқара болды

Бүгін, 14:20

Қостанайда соңғы жылдардағы ең атышулы әрі ірі қаржылық дау-дамай өз мәресіне жетті. Облыстық прокуратура “Тобыл” футбол клубынан 728,3 миллион теңгені (шамамен 1,54 млн доллар) бюджетке қайтаруды талап етіп, шу шығарған еді. Құқық қорғаушылар бұл қыруар қаражат мақсатсыз жұмсалды деп айыптады, алайда сот күтпеген жерден клубтың сөзін сөйлеп, іске нүкте қойды, деп хабарлайды Aladop.kz.

Балалардың ақшасын легионерлерге үлестірмек болды ма? – “Тобылдан” 728 миллион теңгені тартып алмақ болған прокурорлар сотта масқара болды

Даудың басы: Миллиондар қайда кетті?

2021-2024 жылдар аралығында облыстық спорт басқармасы “Тобылдың” футбол орталығына, яғни балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жыл сайын 447 миллион теңге бөліп отырған. Төрт жыл ішінде жас дарындарды тәрбиелеу үшін қазынадан барлығы 1,78 миллиард теңге аударылған.

Бұған қоса, клубтың негізгі және қосалқы командаларын ұстап тұру үшін бөлек қаржыландыру жүрген. Қосымша келісімшарттардың жалпы құны төрт жыл ішінде шамамен 6 миллиард теңгені құрады.

Алайда, құжаттарды ақтарған прокуратура мен мемлекеттік аудит қызметкерлерінің басында бір сұрақ туындады: “Балаларға деп бөлінген мемлекеттің ақшасы кәсіби команданың жыртығын жамауға кетіп қалған жоқ па?”.

Олардың болжамынша, 728 миллион теңге (жалпы соманың 40,8%-ы) негізгі команда ойыншыларының жалақысына, салықтарға, іссапарларға, тіпті шетелдік легионерлерге төленген. Мәселен, прокурорлардың пайымдауынша, дәл осы “балалардың ақшасынан” Грузин футболшысы Цотне Мосиашвили – 8 миллион, ал Нигериялық Эдедем Эссьен мен Украиналық Евгений Шахов 2 миллион теңгеден сыйақы алған.

“Тобылдан” контр атака

Клуб басшылығы мен заңгерлері бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды. “Тобыл” өкілдері сотта мынандай уәж айтты:

– Барлық келісімшарттар толықтай орындалды

– Атқарылған жұмыс актілеріне ешқандай ескертусіз қол қойылды

– Барлық шығындар құжаттың техникалық талаптарына сай келді

Заңгерлердің басты аргументі — мемлекеттен түскен 10 түрлі келісімшарттың ақшасы бір ғана ортақ банк шотына түсіп отырған. Ал төлем құжаттарында нақты қай қаражаттың қай келісімшарт аясында жұмсалғаны жазылмаған.

Жағдайдың қиындығы соншалық, тіпті сотқа арнайы шақырылған тәуелсіз аудитордың өзі қай төлемнің нақты қай шартқа тиесілі екенін анықтау мүмкін емес екенін ашық мойындады.

Сот прокурорларды неге кері қайтарды?

Сот процесі кезінде бірнеше шешуші қателіктердің беті ашылды:

– Біржақты тексеріс: Аудит тек балалар футболына қатысты 4 келісімшартты ғана тексеріп, негізгі командаға бөлінген қалған 6 шартты мүлдем ескермеген.

– Рұқсат етілген шығындар: Техникалық құжаттарда ақшаны тек доп алуға емес, қызметкерлердің жалақысына, салыққа, іссапарларға, медициналық көмекке, маркетинг пен академияны ұстауға жұмсауға рұқсат берілген екен.

– Дәлелдің жоқтығы: Ең бастысы — прокурорлар қаражаттың нақты мақсатсыз жұмсалғанын айғақтайтын ешбір нақты дәлел ұсына алмады.

Қорытындысында, Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратураның талап-арызын толықтай қанағаттандырусыз қалдырды. Кейінірек апелляциялық алқа да осы шешімді құптап, 728,3 миллион теңгені мемлекетке қайтару туралы талапты бұзып тастады. “Тобыл” бұл үлкен қаржылық соғыста таза жеңіске жетті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×