"Балапан", "Мәдениет", енді - "Спорт"!

24.10.2011, 20:59
"Балапан", "Мәдениет", енді - "Спорт"!

Осы жақында ғана ел телевидение саласында айтулы жаңалықтар болып өтті. "Балапан" телеарнасының ашылғанына 1 жыл толды және жаңадан "Мәдениет" телеарнасы тұсауын кесті. Осының барлығы 1 қыркүйектен бастап, Елбасының жарлығы бойынша толықтай қазақ тіліне өткен "Қазақстан" Ұлттық арнасының базасында орын алды. Енді осы орайда тағы бір телеарнаны қажет етіп тұрған бір сала бар екендігін айта кеткіміз келеді.

Астанада биыл тұңғыш рнет өткен форумда спорт саласына арналған бір телеарна керектігі сөз болды. Бірақ әркім пікірлерін айтып, құрғақ сөзбен ауыз сүртті. Нақты жасалынған қадам жоқ. Қазақстанда спорттың дамып келе жатқандығы көзге көрініп-ақ тұр. Спорттың кез-келген жарысынан елімізде командалар баршылық. Шет ел ареналарында да өнер көрсетіп жүрген командаларымыз бен спортшыларымыз жетерлік. 1 тәуілік ішінде әлемде 1 мыңнан астам жарыс өтеді екен. Міне, әлемде спорттың алар орны осындай.

Енді өзіміздің ішкі біріншіліктер мен республика көлемінде өтіп жатқан жарыстарға тоқталсақ. Футбол. Қазақстан премьер-лигасының ойындарын көргісі келеитін жанкүйерлер жетерлік. Баспасөз беттерінде бұл мәселе айтылып келе жатқанына біршама уақыт болды. Айтылды, жазылды - нәтиже шамалы. Тіпті, кейде ұлттық құрама командамыздың ойындарын да қайдан көрерімізді білмей қаламыз. Футбол былайша айтқанда үлкен сұраныста.

Хоккей. "Барыс" командасының ойындарын телеарнадан көретініміз өте жақсы. Оған ешкім дау айта алмас. Бірақ шіркін осындай еліміздің түрлі спорттағы ойындарын бір арнаға реттеп көрсетсе деген тілек білдіреміз. Олар жайлы хабарлар таратылып, тиісті түрде мамандар қатысуымен бағдарламалар түсірілсе. Міне, ел спортының одан әрі қарыштап дамуына осы да бір септігін тигізер еді-ау!

Баскетбол лигасында биыл астаналық ұжым қатысуда. Литваның "Жальгирисі" мен Мәскеудің атақты ұжымдарына қарсы отандастарымыз тартысты кездесулер өткізуде. Бұл ойындарды да баскетболға қызығатын жанкүйерлер тағатсыздана күтеді.

Велоспорттың елімізде кең етек жая өркендеп келе жатқаны белгілі. Бұл салаға төгіліп жатқан қаражатта аз емес. Бірақ велоспорт жарыстарының елімізде тек қана ең таңдаулы деген 1-2 ғана көрсетіледі. "Тур-де Франс" пен "Вуэльта" немесе "Джирро-Д-Италия" секілді ірі турнирлер ғана. Ал одан өзге қаншама турнирлерде біздің отандастарымыз бақ сынауда.

Бокс, Теннис, Күрес түрлері, Футзал мен Волейбол спортының қаншама репортаждарын көрсетсек болар еді. Бұл ойындардың бірде біреуін көре алмай отырғанымыз жоқ. Сол "Қазақстан" мен "Ел Арна", "Хабар, "Астана" телеарналары арқылы көптеген спорттық ойындардың репортажын тамашалап жүрміз. Бірақ осы дүниелердің барлығын бір арнаға тоғыстырып, кешкі жаңалықтар мен бағдарламалар жасаса керемет болар еді. Өзбекстанның өзінде спорт туралы 5 теле арна бар екендігін білесіз бе?

Елімізде соңғы жылдардың бедерінде "Кз Плэй1" деген спорттық телеарна ашылған еді. Бірақ таралымы жағынан қиындықтарға тап келіп отыр. Кабельдік жүйеге қосылғандарға арналған арнаның жалпы қазақстандықтарға спорт репортаждарынан хабар таратып қуантып отырғаны шамалы. Осы арнаның басшыларына хабарласқанымызда олар мұнда тіпті бағдарлама түсіретін студия жоқ, камера, апаратура жетіспейтіндігін тілге тиек еткен болатын. Мақұл мұндағы жағдай түсінікті, оған ешкімді де кінәлауға болмайды. Бірақ осы арнаны пайдаланып, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе, аз уақыт ішінде тәп-тәуір телеарнаға айналып кетуіне мүмкіндік бар.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×