Сейдахмет Бердіқұлов журналистиканың һас шебері болғанына ешкім шүбә келтірмейді. «Лениншіл жас» деген кезде, сол газетте тапжылмай 16 жыл редактор болған Сейдағаңды атақтысы да, қатардағы қаламгері де еске алмай қоймайды. Өйткені Сейдағаң – қазақ журналистикасының бүтін бір дәуірі. №1 ҚОЛТАҢБА Әңгіме – Сейдахмет Бердіқұловтың «Үшінші подъезд» атты повестер мен әңгімелер жинағы жайлы. Неге дәл осы кітап тілге тиек болды десеңіздер, айтайын: Сәкең негізінен, спорттық шығармаларын топтастырған осы кітаптың №1 қолтаңбасын маған ұсыныпты. ...Қолымда – қалыңдығы бір еліден жуандау қатырма мұқабасы бар кітап. Қыса ұстағаным болмаса, оқып отырған жоқпын. Оқып отырмаған себебім, бұл кітапты әлденеше рет қайта оқып шыққанмын, әр сөздің десем артық болар, әр тарауының айтар тарихы ойымда жаттаулы. Талай мәрте оқығанмын. Сонда да оқығым келе береді. Оқуға еріксіз жетелейтін күш бар секілді... «Мұңайып оянған қала» повесінің мына бір жолдарын қайталап тағы оқимын: «...Кең төсекте тыпырлап аунай бердім, аунай бердім. Кеңірдекте кептелген қуаныш, көз шарасына іркілген жас. Әлдеқайдан талып естілген СССР Гимні...». Мынау Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Ғұсман Қосановтың жүрекжарды жолболсынынан бір үзік: «...Кітап мұқабасындағы екі сурет те маған етене жақын. Несімен дейсіз бе? Табиғатымен. Екі көрініс те аламан бәйгенің бәсіре бір сәтін айқайлап айтып тұрған жоқ па?! Жүйріктер жарысы ғой. Мен де жүгіргем, желаяқтар бәсекесіне түскем...». Бұл жинаққа сәт-сапар тілегендердің бірі республикаға, Одаққа танымал спортшы, футбол маманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Тимур Сегізбаев: «...Футбол өнері бір қарағанда жасыл алаңда теңбіл допты жиырма екі ойыншы тынымсыз қуатын жайдақ ойын көрінгенімен, олай емес. Футбол – жанкүйерлері өлшеусіз көп, тек жампоз жігіттердің өресі жететін күрделі өнер. Міне, сондықтан да біздің өз арамызда теңбіл доп саңлақтары сапырылысып жүрген жоқ. Футбол – тек ойнауға ғана емес, түсінуге де қиын өнер. Соған қарамай, Сейдахмет Бердіқұлов әлемдік футбол додасы жайлы тамаша кітап жазды. Бұл кітапты оқыған жан автордың теңбіл доп тылсымын жақсы білетініне таңданар еді. Мен өзім кезінде осыған таңданудан жалыққан емеспін... ...Сәкеңнің футболдың қыры мен сырын кез келген маманнан кем білмейтіні де кезінде мені таңғалдырғаны бар. «Қайрат» командасының бапкері А.Севидов оны шақыртып жүр екен. А.Севидов футбол өнерінің аса терең ойлы мамандарының бірі болатын. Сол кісінің Сәкеңмен бүгінгі футбол өнерінің оңы мен солы жайлы ұзақ пікірлескені есімде. Мен сол кезден-ақ Сәкеңді футбол ойынының жанкүйері деуден гөрі, ұстазы деуге жақын тұратыным сондықтан...» Дат, оқырман! С.Бердіқұловтың творчествосына кез келген сыншы, кез келген спорт маманы жоғарыдағы екі адамнан артық баға бере алмас дедік. Ол рас. Бірақ кезінде кітап жарық көрісімен «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған (№49, 4 желтоқсан, 1981 жыл) қазақ әдебиетінің тарландарының бірі, қазақ поэзиясының ардагер ағасы деуге лайық Әбділда Тәжібаевтың рецензиясын оқыған соң қандай таланттың қырын да бір немесе екі адам толық аша алмайтынын байқадық. Адамның жанын түсініп, жақсылығын бетіне айтуға үйренген ақсақал ақынымыздың жазған пікірінен соң С.Бердіқұловтың оқырмандар үшін жаңа бір қыры, қасиеті ашылды. Бүгінде әрбір шаңырақта шағын болса да кітапхана ұстау дәстүрге айналды. Біздегі сондай кітапхана деуге олқы соғатын кітап сөрелерінің ортан белінде тұратын С. Бердіқұловтың «Үшінші подъезд» атты кітабын қолға көп алып, оқуға сұраушылар кейінгі кезде көбейіп жүр. Қолқа салған соң, амал жоқ, бересің. Араға күн салмай оқып шығып, әкеліп берген оқырманның мына бір-екі ауыз сөзін жиі естимін: «Тамаша кітап екен. Жазушы №1 қолтаңбаны саған беріпті-ау, бұл да – абырой...» Жоғарыдағы кітапты бізден алып оқып жүргендердің пікірін бұл жерде ту етуден аулақпын. Бірақ бұл кітаптың қолдан-қолға тимей оқылғанына дауым жоқ. Шынын айту керек, спорттық көркем әдебиетке тапшылығымыз әлі сол күйінде. Сондықтан да С.Бердіқұловтың есімі ерекше, дара аталары да заңды. Қай тақырыпта да, әсіресе, спорт тақырыбында, шығарманың құндылығы автордың осы бір керегесі кең, шаңырағы биік дүниеге қаншалықты жақын, қаншалықты туыс, жанашыр екенімен өлшенуге тиіс. Спорттың ет езіп, сүйек шытынатар салмағын, жүрек қысып, ішек созар тартыстылығын, бір сәтке ғана бақытты етіп, өмірлік қуат берер қасиетін білмей, сезінбей, спорт тақырыбын меңгеру мүмкін емес. «Ол үшін өзің де спортшы болуың керек» деген қатқыл пікірге қосылмаймын. «Тамаша спортшыдан тәуір бапкер шығуы міндетті емес» деген секілді, спорт тақырыбын тамаша меңгеру үшін жазушыға кезінде рекордтардан көз аштырмаған спортшы болу да мүлдем міндетсіз. Тек жоғарыда айтылғандай, спорт әлемінің тылсымын жанымен сезетін суреткер болса болғаны. Ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов сондай адам еді. Ғ.Қосановтың мына бір әңгімесі де жазушының спорт әлеміне сонау балаң кезден балапандай тәрбиеленгеніне куә бола алады. 1959 жылғы КСРО халықтарының жазғы II спартакиадасында аса қысқа қашықтықта жеңген жеңіл атлеттің фамилиясы электронды таблода жалт ете қалғанын көзі шалған сол кездегі жастар газетінің тілшісі шарқ ұрып Қосановты іздейді. Табады. Сол кезде Молдавия құрама командасының сапында өнер көрсететін солдат Ғ.Қосановтың қазақ екенін көріп, көзіне жас алады. Мұның да еш айыбы жоқ. «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Сонау жас шағында қызыққан, сол кезде таңдаған тақырыбын Секең ғұмырының соңына дейін ештеңеге айырбастаған жоқ. Әрине, біз С.Бердіқұловтың өзге тақырыптарға жазған әңгіме, повестерін де оқыдық. Дегенмен жазушы творчествосының әр кезеңінен спорт тақырыбы атой салып, ерекше көрініп, менмұндалап тұрады. Бұл тақырыпты творчествосының ат байлар қазығы десек те жарасады. Менің бұл жазғандарым – қаламдас аға жайлы сағынышты сыр. Олай болса, жазушының жас қаламгерлерге мәңгі үлгі болар бір-екі қасиетін баса айта кеткен жөн болар. Ең әуелі С.Бердіқұловтың шығармасының тілі тамаша. Қай оқиғаны әңгімелеп отырса да одырайып тұратын бейтаныс сурет, дүрдараз диалогтар кездеспейді. Бәрі де шебер ұстаның шегесіндей, ұшы өткір, түбі тиянақты келеді. Жазушының қай шығармасын оқысаңыз да бояуы мол, рахат дүниеге кенелесіз де отырасыз. Еріксіз езу тартатын ет жақын тұстар да молынан кездеседі. Бұл жалаң юмор іздеудің жемісі емес, жазушының шұрайлы тілінің ең қажет деген тіркестерін алған тұстары ғана. Әдетте көптеген әдеби шығармаларда автордың жоқтан күлкі іздеп тауып, оны орынсыз зорлап қосып, жапсырғаны менмұндалап, сыйыспай тұрады. С.Бердіқұловта ол жоқ. Бүкіл шығарманың өн бойы жазушының өз тілі, өз баяндауы, өз әңгімелеуі мәнеріне құрылады. Әрі әлгідей әдемі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады. Кітаптың кез келген тұсын ашыңыз. Мысалы: «...Елеңдеп қалған адам бүйірі қызған бәйге аты секілді деңіз де қойыңыз. Байыз тауып не отырып, не жата алмайды. Аз-кем аяқ суытқаннан соң көшеге шықтым. Қасымда – грузин журналисі Отар Назадзе. Футболға байланысты дүниені сыпырып-сиырып, сатып ала береді. Бөлмесінің өзі кішігірім музейге айналған. Ауылда футбол жайлы мыңға тарта кітабы барын, дүние- жүзіндегі ең ірі жарыстардың арнаулы значоктері содан табылатынын басқа грузин жігіттері айтты. Біздегі Шора Сарыбаев секілді құныққан, беті бері қарамайтын «науқас» коллекционер». Бұл – жазушының Мехико футбол чемпионаты жайлы жазылған деректі повесінің жеті жолы ғана. Мұндай жылы теңеу, жүйелі суреттеулер бүкіл шығармаларының өн бойында балбұлақтай еседі де тұрады. Республикамыздағы спорт журналистикасының марқасқасы атанған жазушы спорт әдебиетінде де сол биігінен түспеген. Бұл айтылғандарды құлақпен естіп қана қоймай, жүрекпен сезінгісі келгендер болса, Сейдахмет аға маған №1 қолтаңба қойып берген «Үшінші подъезд» жинағын тағы бір парақтасын. Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, Сәкеңнің шәкірті, республикалық «Sport»-«Спорт» газеттерінің директор-бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы Өмірі де, өлімі де бөлек адам Сейдағаң ерекше киінетін. Шалбары бір түсті, ал пиджагі торкөзді өзге түсті. Кейде галстукті шешіп тастап мойнына косынка байлайды. Бұл сонау сексенінші жылдары ешкімнің ойына келмейтін. Кейін де сондай киінуді Асанәлі Әшімов пен Олжас Сүлейменов ағаларым сәнге айналдырды. Бұл тек үшеуіне ғана жарасатын үрдіс еді. Бірі – журналист, бірі – актер, бірі – ақын. Ал Сейдағаңда Асанәлі де, Олжас та қайталай алмайтын бір киім бар. Ол – бас киім. Кепка. Шетелде жүргенде әкелетін болуы керек, тігісі бөлек, түрі бөлек. Ол тек Сәкеңе ғана жарасуы мүмкін. Киінуі де – стиль. Деталь. *** Қаламгер ағамыздаң үйіндегі Күләтай жеңгеміз өте сұлу, жайлы, қонақжай кісі еді. Ашуланғанын көрген емеспін. Кейде қонаққа бірге барамыз. Көбінесе ауылға. Әсіресе, Бекболат Тұрысжанов ағам аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда. Дастарқандағы ащы су көбейіп бара жатса, «Ий», – деп күлетін. Мұндайда Сейдағаң басқа еркектерге ұқсап «Неге ежірейіп тұрсың?» деп салмайды. «Күләжан, Күләжан», – деп стақанды сумен ауыстыратын. Сонан Сейдағаң «Бір қыз бар Маралдыда қорлығайын...» деп әнге салсын. Жеңгемнің туып-өскен жері. Жарасымды еркелеу. Сейдағаң көзі жұмылғанша Күләтай жеңгемізді осылай еркелетіп өтті. Бір жылдары болмашы операциядан хирургтің пышағы қате тиіп, жеңгеміз жүре алмай қалды. Бұл кесел ұзаққа созылды. Сейдағаң жеңгемізді махаббатымен бері қаратты. Балаша күтті. Қимылы кішкене орныға бастағаннан кейін қасынан тастамай, ертіп жүрді. Әлдекімдер секілді біреулердің етегіне ілесіп кеткен жоқ. Күшті рух. Деталь. *** 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісінен кейінгі күндердің бірі. Дәл қай күн екені есімде жоқ. Комсомолдың Орталық Комитетінің бюросы өтіп жатқан. Бюроға КПСС Орталық Комитетінен Соломенцев қатысты. Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті жастардың арасында интернационалдық тәрбие жүргізбеген. Жоғары оқу орындарына кіл қазақ ұлтының өкілдері қабылданады. Қазақ ұлтшылдығына сендер тосқауыл қоя алмадыңдар – деген мазмұнда сөйлеп, саусағын бірінші хатшы Серік Әбдірахмановқа қарап шошайтты. Үнсіздік. Осы кезде Сейдағаң паңдау, сырбаз мінезінен айырылып қалды. – Жолдас Соломенцев! Сіз саусағыңызды шошайтпаңыз. Бізді тұқыртып келе жатқан да осы нұсқағыш саусақтар. Қазақ ұлтшылдығы деген – жабылған жала. Дәл осы кезеңде Сейдағаң баспаға директор болып ауысып бара жатқан. Үндемей қалуға да болар ма еді. Бірақ мұндайда ол үнсіз қала алмайды. Мінез. Деталь. *** Алпысын тойлап өткеннен кейін Сейдағаңа ауыр кесел жабысты. Мойымады. «Жазыламын, жазамын, Уәлихан» дейді көңілін сұрап барған сайын. Не дейін? «Иә, иә», – деп құтыламын. Бірте-бірте кесел жаналқымға келді. Әлекең (туған ағасы) оңаша бөлмеге шақырып алды. – Біздің ешқайсымыз Сейдахметке бата алмаймыз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», олай-бұлай болып кетсе, тапсырар не аманаты бар. Сенен басқа ешкім сұрай алмайды, кіргізбейді... Бөлмеге кірдім. Терезені қараңғылатып қойыпты. Қасында жарықшам. Шашы таралған. Сақал-мұрты алынған. – Келдің бе? Тартшы пердені, күнді көрейін... – Аға, өмір бар да өлім бар деген. Не айтасыз? – Ұйықтап кеткен екенмін. Түсіме «Қарақыстақ» кірді. Баяғы бала күнгі бұлақтан су ішіп жатыр екенмін. Оянып кеттім. Қас-қағым сәт. Шөлдедім. Шіркін, «Қарақыстақтың» бұлақ суы-ай... Бұлақ суын Сейдағаң ауылға барған сайын ішетін. Ішкенде де ешбір дәмге қарамастан, дәлізде тұратын флягаға кружканы салып, толтыра алып, сіміре жұтатын. Әлекеңді ауылға жібердім. Сейдағаңның бал бұлағынан бір фляг су алдырдым. Кружкасымен. Ертесіне таңертең үйге қайта келдім. Кірпігі әрең қимылдап жатыр екен. – «Қарақыстақтың» суы. Сейдағаң кружканы екі қолымен алып, сіміре жұтты. – Тәттісін-ай! – Газетіңді қарайтын уақыт болды. Бар. Шынында да, бірінші бетті қарайтын уақыт, он бір. Өзін емес, оқырманды ойлап жатыр. – Кешке соғамын, аға. – Уәлихан, – деді ағам қолымды ұзақ қысып. – Бәрін өзің білесің ғой... Сейдағаңның өмірі де, өлімі де бөлек. Деталь. Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сәкең ақсүйектік құрыптағы лицейлер мен колледждерде оқыған жоқ, кәдімгі кеңестік мектептің жұпыны қабырғасынан-ақ шыққан. Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ Спортты жазуға ауыз әдебиетімен, фразеологиялық тіркестермен, шешендік сөздермен қоян-қолтық астасып жататын тақырып кухнясына терең бойлайтын Сейдахмет Бердіқұловтың стилі керек екен. Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ Ол халқы үшін, Қазақстан жастары үшін, не мәселеде болсын Егеулі найза еді. Ержұман СМАЙЫЛ Сәкеңнің «Редактор идеялардың қайнар көзі болуы керек» деп қайталап айта беретін сөзін шындап сездім. Жанболат АУПБАЕВ Қара жердің қойнына тым ерте кеттіңіздер, неге асықтыңыздар? Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ Сәкеңді де Жаратқан қазақ спорт қаламгерлерінің Көшбасшысы болсын деп сайлап жібергендей. Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ Cпорт журналистикасының атасы Сейдахмет Бердіқұл – өзінің журналистік мектебін қалыптастырған бірегей қаламгер. Ол кісі – қазақтың спорт журналистикасының атасы. Осы саланың іргетасын қалаған қарымды жазушы. Біз бала кезден Сейдахмет ағаның шығармаларын сүйсініп оқыдық. Ағаның ешкімге ұқсамайтын жазу стилі, құнарлы тілі оқырманды бірден үйіріп алады. Ал спорттың қалтарысы мен ішкі иірімдерін жетік білуі тіпті ғажап. Сейдағаң спортты сондай бір махаббатпен жырлады, қара сөзден жыр маржанын түзді. Біз шалғайдағы ауылда жүріп сол ғажап жырларды қайта-қайта оқыдық, тоймадық, оқыған сайын спорттың ғана емес, ағаның шын жанкүйеріне, тілектес інісіне айналғанымызды білмей қалдық. Сейдағаң Алматыда отырып қиыр-қиырдағы жүз мыңдаған баланың жүрегіне от жақты, өзінің егеулі найзадай өткір де сұлу туындыларымен қазақ жанкүйерінің намысын қайрады. Біз спортқа Алланың бұйрығымен келдік, ал осы жолды таңдауымызға ағаның себепші болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тағдырдың жазуымен 1985 жылы жазда ағаның қоластына тілші болып келдім. Бір кезде қабырғадағы бес сомдық радионың құлағына жабысып, спорт хабарларын ынтыға тыңдайтын қара бала осылайша күтпеген жерден атақты Бердіқұловтың шәкірті болып шыға келді. Содан тура бір жарым жыл бірге қызмет істеудің сәті түсті. Аға біз секілді жастарға мейіріммен қарады. Ал керек кезінде жоныңнан таспа тіледі. Артынша үлкен басымен кабинетіңе келіп, жазғандарыңның оңы мен солын бір-ақ ауыз сөзбен тарқатып береді. Әлгінде ғана жауар бұлттай түнеріп, қабағынан қар жауған Бердіқұлов емес, жүзінен мейірім төгілген Бердіқұлов тұрады алдыңда. Біраз жыл ағаның жазу мәнеріне көзсіз еліктеп, Бердіқұловша жазуға талпындық. Уақыт өте келе Бердіқұлов бола алмайтынымызды ұғып, өз қолтаңбамызды тапқандай болдық. Бірақ Сейдағаңның қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды. Спортқа қалам тербеген ондаған қазақ журналисінің бірде-біреуі Бердіқұлов тәрізді соңынан шәкірт ерте алған жоқ. Олардың бірде-біреуі Бердіқұловтың көркемдік шыңына иек арта алмады. Нағыз ұстаз осындай болса керек. Қыдырбек РЫСБЕК, Бердіқұловтың шәкірті Талапшылдығы таңғалдыратын 1974 жылы КазГУ-дің филология факультетін бітірген соң, ауылда бір жыл мұғалім болып, Алматыға қайта келіп, жұмыс іздеп жүрген едім. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редакциясына келдім. Сол кездегі жастың да, үлкеннің де сүйіп оқитын газеті «Лениншіл жаста» жұмыс істеу әркімнің де арманы еді. Әлі есімде, сәуірдің 6-да Сейдахмет Бердіқұлов ағайдың бұйрығымен корректор болып жұмысқа қабылдандым. Бұл – 1976 жыл еді. Дәл сол кезде партияның 24 съезі өтіп жатқан-тын. Ағайдың: «Қарағым, бұл жұмыс оңай емес. Әрбір үтір мен нүктеге абай болу керек, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның үстіне съезд материалдарына өте мұқият қарау керек. Газет жұмысының нағыз қызған кезіне тап келдің» деген сөздері әлі күнге дейін жадымда. Ол кісі өте талапшыл еді. Газет бетіне кетіп бара жатқан материалдың сөйлем құрылысына, үтір, нүктесіне дейін мұқият қарайтын. Нөмірге жақсы мақала кетіп бара жатса, балаша қуанатын. Бірде ертеңгі нөмірге Қали Сәрсенбайдың «Қара кемпір» деген мақаласы шығып бара жатты. Сонда Сейдахмет ағайдың: «Мынау керемет, сенсация ғой» деп риза болғаны бар еді. Мақтайтын жерде мақтап, ұрысатын жерде ұрысып та алатын әділетті басшы болатын. Адам бойындағы қасиетті дөп басып, дәл танитын психолог та еді. Осындай үлкен жүректі, білікті басшының көзін көріп, ұлағатын естіп, қоластында жұмыс істегенімді өзіме бақыт санаймын. «Жас Алаштың» 90 жылдық тойында баласы Заңғарды көргенде, Сейдахмет ағаны көргендей болып, көңіл босағаны бар. Бәрімізге әкеміздей қамқор болған, ерекше болмысымен есте қалған жайсаң жанды ұмытпаймыз. Бағдат БӘКІРОВА Бетті әзірлеген Жолдасбек ДУАНАБАЙ |
Біздің серіктес: FONBET