Футбол жанкүйерлеріне «Әлемдегі ең үздік бапкер кім?» деген сауал қойылса, көптің арасында үлкен талас туындайтыны анық. Өйткені әркімнің сүйікті командасы, футболшысы, бапкері бар. Әйгілі футбол клубтарының жетістіктері командадағы ойыншылардың ғана емес, бірінші кезекте бапкердің жұмысына тікелей байналысты. Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханның «Үздік бапкер әрі психолог, әрі мотиватор болуы керек» деген сөзі осыны айғақтай түседі.
Әлемдегі үздік бапкер десе, бірден Сэр Алекс Фергюсон еске түседі. Шотландиялық білікті маман УЕФА нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік 10 жаттықтырушының қатарына да енді. Одан бөлек, Юпп Хайнекс, Дель Боске, Арсен Венгер, Карло Анчелотти, Джованни Трапаттони секілді бірқатар бапкерлер де футбол әлемінде ерекше сый-құрметке ие.
Ал бүгінгінің үздігі кім? Қай бапкер, қай елдің бапкерлері сұранысқа ие? Бұл туралы спорт журналисі Фараби Әбдіхалықтың пікірін білдік.
– Бапкердің жетістігі оның ұлтына емес, таланты мен тәжірибесіне байланысты. Бірақ бұған қарамастан, италиялықтар өз елінде де, шетелде де табысты жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. АПЛ-да соңғы онжылдықта төрт италиялық бапкер жеңімпаз атанды. Испаниядан Гвардиола, Германиядан Юрген Клопп бар. Екі аргентиналық бапкер Симеоне мен Почеттино да мықты маман. Ал француз функционерлері отандық мамандарға көбірек сенеді. Өкініштісі, англиялық жаттықтырушылар үлкен дағдарысты бастан кешуде. Өйткені олардың ішкі біріншіліктеріндегі жергілікті бапкерлердің жұмысы төмен деңгейде. Оларға сұраныс та жоқ. Олардан тек ұлттық құраманы жаттықтырып жүрген Саутгейтті ерекше атап өтуге болады, – дейді Фараби Әбдіхалық.
Бүгінде Еуропаның ТОР-5 біріншілігінде қай бапкердің аты озып, атағы жер жарып тұрғанын анықтау үшін командалардың өткен жылғы жетістігі мен қазіргі жағдайларына да шолу жасап көрдік.
АПЛ
АПЛ-да соңғы төрт-бес жылда испаниялық маман Гвардиолаға тең келетін бапкер болмай тұр. Онымен тек «Ливерпульдің» жұлдызын жандырған неміс маманы Клопп иық тірестіре алады. 2019-2020 жылдары АПЛ-да Юрген «Ливерпульмен» чемпион атанды. Ал өткен жылы екінші орын алған Гвардиоланың командасы биылғы маусымда чемпиондыққа басты үміткер. Қазір «Манчестер Сити» көш бастап келеді әрі 2018-2019 жылдағы жетістігін қайталауға жақын. Ағылшын біріншілігінде шетел бапкерлерінің көптігіне көз жеткізуге болады. Нақтырақ айтар болсақ, 7 жергілікті жаттықтырушы, 2 португалиялық, 2 неміс, 1 италиялық, 1 норвегиялық, 1 солтүстік ирландиялық, 1 испаниялық, 1 аргентиналық, 1 аустриялық, 1 шотландиялық бапкер жұмыс істейді.
Ла Лига
Ла Лигада өткен жылы «Реалды» чемпион еткен француз маманы Зинедин Зиданның орны бөлек. Тағы бір гранд клубты осы маусымда жаттықтырған голландиялық Куманның да аты көпке таныс. Оның командасы осы жылы чемпиондыққа таласуда. Алайда «Атлетиконы» бірнеше жыл жаттықтырған аргентиналық Симеоненің командасы көштің басын ешкімге берер емес. «Севильямен» Еуропа лигасын жеңіп алған испаниялық маман Хулен Лопетеги де тәжірибелі жаттықтырушылардың санатында.
Испанияда 20 команданың 15-ін испаниялық жаттықтырушылар баптайды. Атап айтқанда, «Вильяреал», «Реал Сосьедад», «Гранада», «Хетафе», «Валенсия», «Осасуна», «Атлетик Бильбао», «Леванте», «Вальядолид», «Эйбар», «Алавес», «Леганес», «Мальорка», «Эспаньол» командаларын жергілікті испан бапкерлері баптап отыр. Бұдан Ла Лигада шетелден бапкерлер алдырту өте сирек кездесетінін байқауға болады. «Реал», «Барса», «Атлетикодан» бөлек «Бетисті» чилилік Мануэль Пеллегринни, «Сельтаны» аргентиналық Эдуардо Коудет жаттықтырады. Яғни, Ла Лигада 5 шетел маманы бар.
Бундеслига
Соңғы 8-9 жылда Германияда «Баварияға» тең келер команда жоқ. 2010, 2011 жылдары бұл клубтың жолын «Боруссия Дортмунд» қана кескен. Неміс бапкері Флик Ханс-Дитер тізгінді алғалы бері де клуб ішкі біріншілікте жеңісті жолын жалғастырып келеді. «Лейпцигтің» тасын өрге домалатып жүрген германиялық Юлиан Нагельсманның да жұмысына мамандар жоғары баға беруде. Ол – қазір сұранысқа ие бапкерлердің бірі. Жоғарыда атап өткен қос клубтан бөлек, «Хоффенхайм», «Вердер», «Боруссия Мёнхенгладбах», «Фрайбург», «Аугсбург», «Кельн», «Арминия» командаларын да неміс бапкерлері жаттықтырады. Ал «Унион Берлин», «Вольфсбург», «Айнтрахт Франкфурт» аустриялық маманға, «Байер» Нидерланды елінің, «Боруссия Дортмундт» хорватиялық, «Штутгарт» америкалық, «Герта» венгриялық, «Майнц» даниялық, «Шальке» швейцариялық бапкерге тізгінді ұстатқан.
А сериясы
Италия біріншілігінде "Ювентустың" жұлдызы жарық. Жыл сайын чемпиондықты тойлайды. Тек осы жылы «Интер», «Милан», «Лацио», «Аталанта» клубтары таласты қыздыра түсуде. «Ювентустың» аңызына айналған танымал футболшы Андреа Пирло бүгінде осы клубтың тізгінін ұстап, бапкерлік жолын атағы алысқа жайылған, азулы командамен бастады. «Наполиді» де танымал футболшы Дженнаро Гаттузо жаттықтырып жүргенін айта кеткен жөн. Оның командасы үздік алтылыққа жайғасқан. «Интердің» бапкері италиялық Контенің жұмысына жергілікті жұрт дән риза. Өткен жылы командасы Еуропа лигасының финалында ойнады. Осы жылы чемпиондыққа таласуда. Сондықтан бұл бапкерге көз тігіп отырған алпауыт клубтар жетерлік. Италиялық жаттықтырушы Пиоли Стефаноның да «Миландағы» жұмысына оң баға беретіндер көп. Жергілікті маман әйгілі клубты осы жылы чемпион қылса, бағасы одан әрі асқақтай түсері анық. А Сериясындағы клубтарды негізінен италиялық бапкерлер жаттықтырады. Тек «Рома» португалиялық, «Верона» хорватиялық, «Болонья» сербиялық маманға тізгінді сеніп тапсырған.
Лига 1
Францияда да ПСЖ-ның айдарынан жел есіп тұр. Чемпионат басталмай жатып жылда көпшілігі париждік клубтың чемпион болатынын айтып, болжам жасайды. Тек осы жылы «Лилль», «Лион», «Монако» командалары ішкі біріншілікте ПСЖ-мен иық тірестіріп келеді. Маусым соңына таман шаршап қалмаса, олардың Почеттиноның командасынан чемпиондықты жұлып алуға шамасы толықтай жетеді. Бір қызығы, франциялық клуб басшылары да жергілікті мамандарды таңдайды. Мұндағы 20 команданың 15-ін фрациялық бапкерлер жаттықтырады. Тек ПСЖ-ны аргентиналық, «Монаконы» хорватиялық, «Марсельді» марокколық, «Монпельені» армениялық, «Ниццаны» румыниялық жаттықтырушы баптайды.
Қазақстандық бапкерлердің деңгейі қандай?
Қазақстан Премьер-лигасында керісінше жергілікті бапкерлерге сенім артатын клуб басшылары аз. Көбіне шетелден келген жаттықтырушылар жұмыс істейді. Біздегі бапкерлердің деңгейі туралы спорт журналисі Есей Жеңісұлы айтып берді.
– Қазір қазақстандық бапкерлер жаппай Еуропаға кетеді, әлемнің қай нүктесіне болса да барып, біліктілігін таныта алады деуге сену қиын. Өйткені біз футбол өлшемімен алғанда әлі жас мемлекетпіз. Дегенмен біздің бапкерлердің өзге біріншіліктерде қол жеткізген табысы жоқ емес. Мысалы, 2004 жылы Ваит Талғаев «Терек» (қазіргі «Ахмат») командасымен ФНЛ чемпионы атанды. Бұл – үлкен жетістік әрі Ресейдің көптеген мықты бапкерінің қолы жете алмай жүрген меже. Дмитрий Огай өзі баптаған «Нефтехимик» командасымен тәп-тәуір өнер көрсетті. Чебурин де «Судува» командасымен үш дүркін Литва чемпионы атанды. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде плей-офф кезеңіне дейін жетті. Владимир Фомичев Өзбекстанда табысты еңбек етті. Жалпы, отандық бапкерлер туралы айтқанда осындай қадау-қадау мамандар еске түседі. Келешекте де отандық жаттықтырушылар шетел біріншіліктеріне барып, біліктілігін дәлелдейді, – дейді спорт журналисі.
Ол сондай-ақ бұл тенденцияның бізде ғана емес, ТМД-да да бар екенін, Ресейдің өзінде де мықты бапкерлер еуропалық клубтарды жаттықтырып жүрмегенін, Украинаның да бапкерлері үздік чемпионаттарға бара алмағанын, көбіне өздерінің қазанында қайнайтынын айтты. Спорт маманы сөзінің соңын «білікті мамандар жоқ емес, бірақ олардың Еуропаға барып көпті таңғалдыруы екіталай. Өйткені Еуропаның өз мектебі де мықты әрі олар ТМД-дағы бапкерлерге зәру емес» деп түйіндеді.
Қалай дегенмен ішкі біріншілікте жүріп-ақ тарихта атын қалдырған мықты мамандарымыз барына шүкір етеміз. Қазақстандық бапкер Виктор Кумыковтың есімі қазақ футболы тарихында ерекше аталады. Білікті маман қарағандылық «Шахтермен» Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұған дейін ел футболында мұндай жетістікке ешбір бапкер жетпеген болатын. Одан кейін Григорий Бабаян да "Астанамен" еуромаусымда сәтті өнер көрсетті. Мұның өзі біздің бапкерлердің ақырындап болса да үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін айғақтай түседі. Жалпы, кейінгі кездері елімізде жас мамандарға аз да болса сенім артылуда. Мысалы, өткен жылы Горовенко «Шахтермен» Конференция лигасының жолдамасын жеңіп алды. Андрей Карпович «Қайрат» командасын жаттықтырған тұста жастармен Қазақстан кубогін жеңіп алды. Биылдан бастап Әли Әлиев «Шахтер», Андрей Кропович «Қызылжар» командасын жаттықтырмақ. Демек, 40-тың айналасындағы мамандардың дәуірі келе жатыр. Алдағы күндері өз мамандарымызға сенім артса, олардың да көп өтпей шетел біріншіліктеріне барып бақтарын сынар күн жақын.
Абылайхан Жұмаш
Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды
Біздің серіктес: FONBET