Бапкерің кім, Қазақстан?

23.10.2011, 05:07
Бапкерің кім, Қазақстан?

Кезекті іріктеу кезеңін аяқтаған ел аяқдопшыларының енді кімнен тәлім алатыны таласқа түсуде.  Талас болғанда да, осы тақырыпты қаузап жүретін тілшілер арасында ғана сөз болды. Әйтпесе, тұтас елдің мазасын алған мәселе емес бұл. Нәпақаны осы саладан айырып жүргендер де әзірше жұмған аузын ашпады. Отандық жаттықтырушылар жағынан да жарытып пікір айтқан ешкім жоқ. Тап бір ұлттық құрама тізгіні тістегенге тиіп жатса да тырс ету әбестік секілді. Анау Италия­да Рим Папасынан өзгелері футбол туралы пәлсапа соғады. Ал бізде... Мамандар ләм-мим деген жоқ. Жанкүйерлер де үнсіз. Мүлгіген тыныштықта оқ атқымыз келмесе де қолдағы қарудың шүріппесін басып қалмақпыз. Ой жүреді ғой, келіп кетіп..

Жеңілсең де өзің біл...

Қазақстан – Австрия кездесуін «Астана-аренадан» тамашаладық. Матчқа екі сағат қалғанда стадион табалдырығын аттадық. Тілшінің оқиға орнына ерте баруы орынды. Жүргенге жөргем ілінеді. Көріністің көбі көңіл көншітпейді. Мысалы, Жапониядағы «Йокагама» стадионының алдында жұрт күні бұрын жиналады. Ойынға бірер тәулік қалғанда. Лашықтарын тігіп, кездесуді күтеді. Бір-бірімен әңгімелеседі, ойларын ортаға тастайды. Бас бапкердің жұмысына талдау жүргізеді. Алаңда өнер көрсетуі мүмкін футболшылардың арғы-бергі тарихын түстейді. Қысқасы, кездесуге бапкерден кем дайындалмайды. Көзбен көрген оқиға. Жапония мен Қазақ елінің жастар құрамасы Сидней олимпиадасының жолдамасын сарапқа салған кезде. Тіпті Владимир Фомичев шәкірттерінің ойын өрнегін біліп алыпты. Түркия халқы да осы бір спорт түріне сондай құмар. Әлдебіреулерден телефонымызды ұғып, хабарласып жатады, Қазақстан құрамасындағы өзгерістерді сұрамаққа. Ал, Астанадағы матч басталуға екі сағат қалғанда стадионның есігін күзеткен жігіттерден өзге ешкімді кездестіре алмадық. Рас, бір шағын жүк көлігі келіп, тоқтады. Артып алған азын аулақ қағаз-құжаттары бар. Сосын сусындар шығар. Тіршілік ойынға бір жарым сағат қалғанда басталды. Алдымен, ұлттық құрама мінген автобус көрінді. Іле-шала Австрия командасы да келіп, жетті. Демек, бірінші қорытындыға есік ашық, біздің ел футболды жеңсік астай көрмейді. Ары барғанда, ойынды дер кезінде тамашалап қайтқанды үлкен абырой көреді. Жанкүйерлер аз, көрермендер көп. Қазақстан гол жіберсе де көңілдері баяғыдай, ұтып жатса да соншалықты бір мақтаныш сезімі бой көтермейді. Әлде көз аштырмайтын жеңілістерге ет өліп кеткен. Өзге диагноз жоқ. Бәлкім, білесіздер. Мүмкін естімеген шығарсыздар. Түрік жерінде «канария» мен «қарталдар» немесе «жим-бом-бом» бөлек жүреді. «Фенербахче» мен «Бешікташтың», яки «Галатасарай» жанкүйерлері, ойын-тойда бір үстелдің басында отырмайды. Ұстаным сондай. Толерантты емес, төзім тозған. «Фенербахченің» жанкүйерлері айтатын ән бар, қысқа  мазмұны мынау: матч сайын гол жіберсең кешірем, ертең ұтыл, шығарамын оны тағы есімнен, біле-білсең біреу ғана арманым – «Галатасарайды» ұтып берсең болғаны. Тілек – жалғыз. Немесе керісінше. «Фенербахче» чемпион атанғанша, «Бешікташ» ұтсын. «Галатасарай» фанаттары осылайша сайрайды. Демек, олар футболмен біте қайнасқан. Стадионға күні бұрын келіп алатыны да сондықтан. Футбол комментаторлары көшеде жалғыз жүре алмайды, өйткені ана команданы сынаған. Дәурен Беранекті мақтап отыр. Енді жөргемге келейік. Ойын басталуға тоқсан минут қалғанда жеңіл пальтоның жағасын көтерген жігіт ұшыраса кетті. Дәурен Тәжімбетов. Қазақ елі құрамасының шабуылшысы. Киім ауыстыратын бөлмеге енген жоқ. Демек, тізімнен сырт қалған. Тілдесудің рет келді. – Бапкер солай шешкен. Бүгін ойынға араласа алмаймын, – деді «Ордабасының» сұрмергені, – Бельгия­да мүмкіндік берді. Шама келгенше, доп тептік. – Неге ұтылдық, Дәуренжан? – Себебі көп. Мүмкін шаршап қалдық. Бүгінгі Бельгия құрамасының екпіні қатты. Дұрыс бапкерге жолықса, әлем чемпионатына барады. Азар, Мертенес секілді жастары шебер ойнайды. Өзгелерінің де доп тебісі ұнады. – Бізге бұйыратын белес қандай, сонда? – Бүгінгі деңгей. Дегенмен өз басым үміттімін. Мирослав Беранек мықты секілді. Ақылдары көкейге қонады. Тізгін қолында қала берсе, дұрыс команда жасақтайтынына сенімдімін. Талап қоя біледі. Және айтқанын орындатуға тырысады. Табанды екен. Аз күн жаттықтық. Бірақ көп нәрсе үйрендім. – Не үйретті сонда? – Өзімді өзге қырымнан көрсетті. Кемшіліктерімді айтты. Доппен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндірді. Айтып отырмын ғой. Түйгенім мол. Алдағы уақытты ойын-өрнегімді ширата түсемін. Шыным сол, Беранек талай бапкерден мықты. – Ұлттық біріншілікті сынға алып жүрміз, оған қалай қарайсың? – Егер «Ордабасы» туралы білгіңіз келсе, біздер о баста отырып қалдық. Қолды кеш сермеген секілдіміз. Сегіздікке енгеннен кейін селт ете алмай қалдық. Тап бір табыс соған байланғандай. Өзімнің де ызам келеді. Ол да сабақ болды. Чемпионат басталмас бұрын сегіздіктен орын алу тапсырылды. Тапсырма орындалған соң кежегеміз кейін тартты. Жалпы, біріншілік туралы айтсам, жастар өсіп келеді. Соларға сенім артыңыздар. Жас буын жарқ-жұрқ ойын көрсететінін айтайын. – Сыр футболының түлегісің... – Қандай сауал қойыларын білмеймін. Алдын орайын. «Қайсар» бізді өсірді. Ризамыз. Кейін өзгелер шақырды. Кеттік, жел сөз көп шығар. Бірақ мықты болу үшін команда ауыстыруға да тура келетіні анық. Ендігі тұрағымыз да белгісіз. Қазақстан футболындағы бар құбылыс. Күллі әлем футболында бар. Ал ұлттық құрамаға қайта айналып соқсақ, Беранектің білімі байқалып тұр. Түбі бірдеңе шығады. Ұлан бапкерін ұғыпты «Шахтер» сапынан төрт ойыншы ұлттық құрамаға шақырылған. Соның бірі – Ұлан Қонысбаев. Допты жетекке алса, қолды-аяққа тұрмайтын ұшқыр жігітті де сөзге тарттық. – Иығым ауырып жүр. Сол себепті екі ойыннан да тыс қалдым. Бельгияға барып тұрып, тізімге қосылмадық. Австрияның айтулы футболшыларымен де сынға түсе алмадық, – дейді Ұлан. – Иық па, қабырға ма? – Қабырғаның да қол тигізбей қалатын кезі болады. Қысқасы, бір сырқаттың бары анық. Егжей-тегжейін дәрігер айтады. – Дегенмен ұлттық құрамада жүрсің, ойын алдында бапкерлер қайрау сөзін арнап жатады. Беранек не деді? – Ол да қайрады. Намысқа тигізіп айтты. Іріктеу кезеңіндегі соңғы кездесу екенін екі-үш қайтара айтып, жігіт екенімізді дәлелдеп көруді еске салды. Қысқасы, бәріміздің бойымызда ұшқын пайда болды. Жалынға айналуы тиіс. – Өзің тізімнен сырт қалдың. Ұлттық біріншіліктің де шешуші сындары келіп жетті дегендей.. – Оған дайынбыз. Қабырға қақырап, иық түсіп қалса да «Шахтер» сапынан табыламыз. Жауапты ойындар келді. «Ертісті» ұтсақ, «Жетісуға» қолсозым қалады. Талдықорғанда жеңіске жетсек, бас жүлде бізге бұйырады ғой. Әрине, қарсыластар осал емес. Бірақ чемпион атанудың өзге жолы жоқ. Бір Алланың қалауымен бәрі, ұтып кетсек жарадық. – Ұлттық құрамаға қайтып келсек, неге жеңіле береміз осы? – Шеберлік аз. Дүниенің футболы дамып кеткен. Бізге де ұмтылыс қажет. Келешекте біздің елден де сауатты аяқдопшылар өсіп-жетіледі. Өзге жерге бара қалсаң, жанкүйерлері қолдау көрсетеді, айқайлайды, дем береді. Бізге қолдау кем секілденеді, жұрт стадионға көп келмейді, атой салып отырсыншы, біздің аяқтарға да жел бітер еді. – Жанкүйерлер сендерді кінәлайды. – Осындай шеңбердің бәрі анық. Бірін-бірі кінәлаумен тұйықталады. Өзіңіз ойлаңызшы стадион лық толса, бізден де жалқаулық қашады ғой. Футболдың насихаты аз. Осы олқылықты ойлайтын кім бар, толтыруға неге құлшынбайсыздар? – Тырысып бағудамыз. Ұланжан, Мирослав бапкер туралы мәлімет жинап жүрміз. – Меніңше, сауатты бапкер. Бірдеңе біледі, соны үйреткісі келеді. Ұстазға баға беру қиын, дегенмен Беранек нәтиже әкелетін секілді. Оны жақсы түсінеміз. «Измаил, тұра тұршы, өзара түсінген секілдіміз» Қазақстан – Австрия арасындағы матч аяқталған соң баспасөз мәслихаты өтті. Мирослав Беранек енгенде жергілікті тілшілер қол соқты. Ол ыңғайсызданып қалды. Мазақ па, мадақ па түсіне алмады. Мадақ ретінде қабылдаушы еді, бітірген шаруасы шамдай. Мазақтайтын жөні жоқ. Бұл өзі момын ел. Сосын сауалдар қойылды. Сол, егер жеңілмесе ұтылмайды дегеннің кері. Шақырту алмаған ойыншылар алаңға неге шықпағаны да сұралды. Олар қалай ойнайды, егер о баста тізімде болмаса. Қарабайыр сауалдар. Ресейден ат шалдырып алдырған Измаил Бзаровтың қағанағы қарқ. Қауымдастыққа тіл тиіп кетпейтін сауалдардың болғанын қалайды. Осының сұрқы күдікті дегендердің қол көтергенін елемейді. Соңына таман килігіп кеттік. – Мирослав мырза, ойын сайын жаңа қақпашы, қорғаныста да ауысу көп, осыны еріккеннің ермегі деп ойламаймын. Бүгін алаңда болған төрт қорғаушының зиян, пайдасын өзіңіз де зерделеген шығарсыз? – Сұрақты дәлірек қойсаңыз, – деп Измаил да қажетті сауалды ауызға салып беруге ұмтылды. Оны Беранектің өзі тоқтатты. – Измаил, тұра тұршы, тілші екеу­міз бір-бірімізді түсінетін секілдіміз. Ойыңызға қанықпын. Еріккеннің ермегі емес. Ізденіс үстіндемін. Шешім қабылдау оңай. Бірақ біліп барып шешкенге ештеңе жетпейді. Оң қанатты сұрайсыз қазір. Жауабын да сезесіз. Бүкпесіз сөйлеуге үндемексіз. Дұрыс түсіндім бе? Онда таратып айтайын. Ретке келтіретін шаруа көп. Уақыт жете ме, бастысы осында. Меженің мәнін білемін. Алайда жету жолын үнемі тап баса бермеуіміз мүмкін. Ұлттық біріншілікті жіті назарда ұстаймын. Сынға дұрыс қараймын, ол сауатты сын болса, мені мақтамауыңыз мүмкін. Оны да түсінуге тырысамын. – Беранек жолдас, шындық айтылса дейміз. Тілшінің шаруасы сол. Сергей үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Сүйем қадам алға басты әлгі Остапенко. Бұрын доп іздеуге құлшынбайтын, ұлттық құраманың соңғы екі ойынында жанын салды. Сіз бірдеңе дедіңіз бәлкім. – Сергейді танығаныңыз жақсы әсер етті. Өзім де Остапенконың қимылына сүйсініп қалдым. Ойы бар, ниеті түзу екен. Ал нәтижеге келсек. Өзімнің де ішім дал-дұл. Бір бірімізді түсіне алдық қой деймін, тілші мырза. – Мүмкін.

Амангелді Сейтхан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×