“Барселона” 4:3 “Сельта” – Футбол хикаясы

20.04.2025, 08:00

Lluís Companys Olympic стадионында жай ғана футбол емес, нағыз драма болды. “Барселона” 3:1 есебімен ұтылып жатып, матч соңында Рафиньяның табандылығының арқасында "Сельта Вигоны" 4:3 есебімен жеңіп, Ла Лига көшін одан әрі ұзартты. Рафинья 98-минутта пенальтиден гол соғып, Каталониялықтар үшін үш ұпайды жұлып алды. Бұл жеңіс “Барселонаның” “Реал Мадридтен” жеті ұпайға озып кетуіне себеп болды. Ал "Мадридтіктер" “Атлетик Бильбаомен” кездеседі.

“Барселона” 4:3 “Сельта” – Футбол хикаясы

“Бұл – футбол. Біз ойында жеңуді қатты қаладық, кейде бәрі біз ойлағандай бола бермеді. Бірақ соңында команда жеңісті жұлып алды. Жанкүйерлердің қолдауы керемет болды”, – деді қосалқы құрамнан шығып гол соққан Дани Ольмо DAZN арнасына берген сүхбатында.

Матчтың алғашқы минуттарында-ақ Ферран Торрес жарқ етіп көрінді – орта алаңнан допты алып, айып алаңына дейін жетіп, қақпашы Гуайтаны дәл соққымен қапы қалдырды. Бұл Торрестің маусымдағы 10-шы голы болды.

Бірақ көп ұзамай “Сельта” қарсы шабуылмен жауап берді. Пабло Дуран оң қанаттан әдемі пас шығарды, ал “Барса” қақпашысы Шчесны допқа ұмтылғанда, мүлт кетті. Борха Иглесиас бос тұрған қақпаға допты салуға қиналмады.

Екінші тайм бастала сала, Френки де Йонг допты көзден таса қылып, “Сельта” шабуылшысы Иглесиасқа екінші голды соғуға мүмкіндік берді.

“Сельта” кері шабуыл жасап, Иглесиас қорғанысты тағы тесіп өтіп, үшінші голын салып, хет-трик авторы атанды. Каталондықтар сасқалақтап қалды.

Бірақ бапкер Ханс-Дитер Флик жасыл алаңға тың ойыншыларды шығарды. Олардың бірі – Дани Ольмо – шыққан соң бес минутта гол салып, есепті қысқартты.

“Флик маған алаңда сабыр сақтау керек деді. Бізге тек бір-бірімізбен жақсы байланыс орнату қажет болды.” – дейді Ольмо.

Арада төрт-ақ минут өткенде, Ламине Ямал айып алаңына пас шығарып, Рафинья баспен допты қақпаға енгізді – 3:3.

Ойын тоқтар тұста, бәрі тең аяқталады деген ойда жүргенде, Ольмо қарсылас қорғаушының қателігін пайдаланып, айып алаңында құлады. Төреші VAR қарап, пенальти белгіледі.

Рафинья еш кідірмей, допты айып нүктесінен жоғары бұрышқа салып, маусымдағы 30-шы голын тіркеді.

Осылайша “Барселона” биылғы Ла лига маусымында 23-ші жеңісін қанжығалады. 

Айболат Өнер

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×