"Челябинск" клубының қорғаушысы Алан Агаев Қазақстан паспортын қалпына келтіру үшін ресми түрде құжат тапсырды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Павлодар футболының тәрбиеленушісі әрі әйгілі "Барселонаның” “La Masia” академиясының түлегі енді мансабын тарихи отанымен байланыстыруды көздеп отыр.
20 жастағы футболшының басты мақсаты — Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсету. Legalbet.kz порталына берген сұхбатында Алан құжат рәсімдеу процесінің басталғанын және бұл шаруа шамамен екі ай уақытты алатынын айтты. Айта кетерлігі, футболшымен бірге оның анасы да Қазақстан азаматтығын қайтармақ.
"Мен кезінде "Ертісте” бірге жұмыс істеген бапкеріммен сөйлестім. Оған: "Қазақстан азаматтығын алған бойда бұл жаңалықты Федерация өкілдері естісе екен. Себебі құрамаға шақырту алғым келеді” — дедім. Ол кісі паспорт дайын болған сәтте бәрі тез арада белгілі болатынын айтты.” – деді Алан Агаев.