“Барселона” “Реал Мадридке” қарсы ойынға бапкерсіз шығады

18.10.2025, 22:15

"Барселона" алдағы аптада өтетін маусымның ең маңызды ойыны — "Реал Мадридке" қарсы "Эль Классикоға" бас бапкерсіз шығуға мәжбүр болады. Себебі Ханси Флик "Жиронаға" қарсы кездесуде төрешіге наразылық білдіріп, қызыл қағаз алды.

“Барселона” “Реал Мадридке” қарсы ойынға бапкерсіз шығады

Каталония дербиінде "Барселона” өз алаңында "Жиронаны” қабылдап, қиын да тартысты матч өткізді. Ойынның басында Педри есепті ашқанымен, көп ұзамай Аксель Витсель таразы басын теңестірді.

Матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталуға жақын қалған сәтте, күтпеген жерден орталық қорғаушы Рональд Араухо шабуылшы позициясында ойнап жүріп, 93-минутта жеңіс голын соқты. Бұл соққы "Барселонаға" соңғы үш ойындағы алғашқы жеңісті сыйлады.

Алайда қуанышты сәттің көлеңкесінде бір үлкен мәселе пайда болды. Матчтың соңына қарай Ханси Флик төрешінің шешімдеріне қатты наразы болып, эмоциясын ұстай алмай қалды. Оның ашу үстіндегі наразылығын төреші бірден қызыл қағазбен жазалады.

Осы шешімнің салдарынан Неміс маманы кемінде бір ойынға шеттетіледі. Яғни, ол алдағы демалыста өтетін "Реалға" қарсы "Эль Классиконы” өткізіп алады.

Дәл осындай шешуші матч қарсаңында бас бапкердің трибунада отыруы — команда үшін үлкен соққы болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×