
Соңғы жылдары трансферлік саясатта оғаш шешімдерді көбірек қабылдап жүрген "Барселона" тағы да жанкүйерлерін таңқалдыруы мүмкін. Биылғы маусымда керемет ойын көрсетіп, "Алтын доп" иегерлігіне басты үміткерлердің қатарында жүрген Бразилиялық Рафиньяны клуб сатуға дайын екенін мәлімдеді.
Өткен жазда каталондықтар бастапқыда Нико Уильямсты алуға тырысты, кейіннен назарларын Дани Олмоға аударды. Бұл уақытта Рафиньяның клубтан кетуі ықтимал деген болжамдар пайда болған еді. Кейінірек Рафиньяның өзі де Ханс-Дитер Флик келмей тұрып, кету туралы ойлағанын жасырмады.
Алайда "Барселона” Уильямсқа деген қызығушылығын жоғалтпаған, және алдағы уақытта оның трансфері бойынша келіссөздерді қайта бастамақ. Бұл Рафиньяның міндетті түрде кететінін білдірмейді, бірақ командадағы бәсекелестікті арттыра түсетіні анық.
Catalunya Radio-ның хабарлауынша, клуб Рафиньяны сату туралы ойлануда және оның трансферлік құнын €80-90 миллион аралығында деп белгілеген. Бұл шешім таңғаларлық болғанымен, бір жағынан қисынды. Себебі Рафинья биылғы маусымда 46 ойында 28 гол соғып, 22 нәтижелі пас беріп, команда көшбасшыларының біріне айналды. Бұл – оның мансабындағы ең жоғарғы көрсеткіші болуы мүмкін, сондықтан клуб дәл осы сәтте оны жоғары бағаға сатуды тиімді деп санап отыр.
Соған қарамастан, Рафинья клубта кем дегенде тағы бір жыл қалғысы келеді. "Барселона" оның қазіргі 2027 жылға дейінгі келісімшартын ұзарту туралы келіссөздерді бастап кеткен. Себебі келісімшарт мерзімі қысқарған сайын ойыншының нарықтық құны да төмендей түседі.
Айболат Өнер
Біздің серіктес: FONBET