«Барселонаның» ерке баласы командадан қашан кетеді?

24.01.2022, 05:32
Көп уақытын емделумен өткізетін ойыншыға командадан кету үшін қаңтардың соңына дейін уақыт берілді.
«Барселонаның» ерке баласы командадан қашан кетеді?

Жазда келісім-шарты аяқталатын Усман Дембеле «Барселонадан» кететін болды. Бұл туралы клубтың спорт директоры Матеу Алемани мәлімдеді:

«Бүгін, 20 қаңтарда, оның [Дембеленің] келісім-шартты қабылдау мерзіміне он бір күн қалғанда, «Барселонада» қалғысы келмейтіні түсінікті болды. Біз Усманға және оның агенттеріне клубтан дереу кетуі керек екенін ескерттік, өйткені бізге адал ойыншылар қажет және бұл трансфер 31 қаңтарға дейін орын алады деп үміттенеміз».

Сол күні кешке француз футболшысы Испания кубогінің 1/8 финалындағы «Атлетикпен» болатын матчқа шақырту алмады.

Усман соңғы екі жыл ішінде көп уақытын емделумен өткізді. Нақтырақ айтсақ, ол 563 күн бойы қатарда болмай, 75 матчқа қатыспады. Каталондық клубтың басшылығы осыған қарамастан, ойыншымен келісім-шартты жаңартқысы келді. Мұны «Барселона» президенті Жоан Лапорта өткен жылдың желтоқсан айында жасаған мәлімдемесі арқылы растады:

«Біз Дембелемен өте жақсы қарым-қатынастамыз және ол осында қалғысы келеді. Біз де мұны қалаймыз, өйткені ол тамаша ойыншы. Мен Дембелеге ризамын, ол Мбаппеден мықты», - деді Лапорта.

Бас бапкер қызметіне тағайындалған Хави де Лапортаны қолдады.

«Мен оның керемет ойыншы екенін айттым. Біз Усманға әрқашан сенеміз. Мұнда ол әлемдегі ең үздік ойыншы болады», - деп қысқа қайырды испаниялық маман.

Алайда, Усманның келісім-шартқа қатысты қойған талаптарын білгенде Хави өз шешімін өзгерткісі келді. Жас футболшы жылына 43 миллион еуро, сондай-ақ өзінің агентіне 20 миллион еуро сұраған. Бұқаралық ақпарат құралдары бапкердің бұл жаңалыққа қатты таң қалғанын алға тартты. Бірақ бұл оның Дембелеге сенім артуына кедергі болмады. Жаңа жылда Усман Испания кубогінде «Депортиво Линареске» гол соқты, содан кейін Суперкубоктің жартылай финалында «Реал Мадридке» қарсы 120 минут ойнады.

«Реал Мадридпен» болатын матч қарсаңында жағдай ушыға бастады – жүйелі келіссөздерден кейін «Барселона» өкілдері ойыншының агенті Мусса Сиссокоға Дембеленің талаптарымен келіспейтінін хабарлады. Осы себепті Мусса бұған дейін айтылмаған сылтауларды алға тартып, каталондық клуб футболшының денсаулығына мән бермейтінін айтты:

«Жаңа келісім-шарт мәселесіне келгенде, бәрі үнемі ақша туралы айтады. Дегенмен, күнделікті жұмыста да үлкен мәселелер бар.

Қазіргі бапкерлер штабы жаттығуға қатыспаған және коронавирустан жақында ғана айыққан ойыншыны алаңға шығаруда. Осыған байланысты жағдай өте күрделене түседі», - деді ол.

Осыдан кейін Дембеле өзінің позициясын нығайтуға бел буып, басқа командаға қыста кетуден бас тартып, маусым соңына дейін қосалқы құрамда отыруға дайын екенін білдірді. «Атлетикке» қарсы матч алдында Усман келісім-шартқа қатысты нақты шешімін айтуы керек еді. Бірақ Сиссоконың агенті де, Дембеленің өзі де «Барса» өкілдерімен диалогты тоқтатты.

Ұзақ уақыт бойы Дембеле келісім-шарт мәселесіне қатысты түсініктеме берген жоқ, бірақ 20 қаңтардағы Алеманидің қатаң мәлімдемесінен кейін ойыншы өзінің Instagram парақшасында:

«4 жылдан бері мен жайлы жазылған қауесеттерді оқып, жауап қайтармадым. Адамдар мені ренжіту үшін өтірік ақпарат таратады. Мен әрқашан клубқа көмектесуге тырыстым және осы уақыт ішінде ең жақсы сәттерді бастан өткердім.

Менің жарамды келісім-шартым бар, команда үшін пайдамды тигізуге дайынмын. Менің оларды алдау туралы ойым жоқ және бопсалауына жол бермеймін.

Иә, менің болашағым туралы клубпен келіссөздер жүріп жатыр, бірақ мен бәрін агенттеріме тапсырдым. Менің жұмысым – футбол ойнау, өзіме және жақындарыма қамқорлық жасау», - деді.

Әрине, қай тарап шындықты айтып отыр, оны білу екіталай. Клубтың және ойыншының мәлімдемелері екі түрлі. Бірақ бір нәрсе анық, тараптардың бірі айла қолданып, өтірік айтып отыр.

Дембеленің 2017 жылы дортмундтық «Боруссиядан» ауысуы «Барселона» тарихындағы ең қымбат екінші және футбол тарихындағы ең қымбат төртінші трансфер болды (105 + 42 миллион еуро). Төрт жарым жыл ішінде Усман 14 мәрте жарақат алып үлгерді, соның салдарынан 100-ден астам матчты өткізіп алды. Осындай статистикамен жылына 40 миллион еуродан астам жалақы сұрау ақылға сыймайтын әрекет.

Барлық қаржылық қиындықтарға қарамастан, «Барса» Ферран Торресті 55 миллион сатып алды, бірақ оны тіркеу үшін бірнеше ойыншысынан құтылуға тура келді. Каталониялық клуб қазір жалақы шығындарын азайту үшін қолдарынан келгенін жасап жатыр. Шамасы, Усман Дембеле командадан кететін секілді. Алемани мырза оған 31 қаңтарға дейін командадан кету туралы талап қойды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×