Бас бапкер қарапайым екен

15.02.2011, 17:14
Бас бапкер қарапайым екен

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына жаңа бас бапкер тағайындалып, өз жұмысын бастап та кетті. Түркияда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Беларусь құрамасымен жолдастық кездесу өткізді де.

Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құрамамыздың Белек қаласындағы жатығу жиыны барысы мен Анталияда өткізген жолдастық кездесуінен соң, жаңа бапкер Мирослав Беранекпен емен-жарқын тілдесуге жағдай жасады. Бірінші кездесуіміз кезекті жаттығу жұмысынан соң өтіп, жарты сағат уақыт берілді. Бірақ біз одан да көп сөйлескен сияқтымыз. Чех маманы «бүгінге жетер енді» дегенше, сұрақтарымызды жаудырттық. Екінші кездесуіміз Беларусь құрамасымен болған матчтан соң өтті. Осы екі кездесудегі сұхбаттарымызды көлдей қылып беруге болушы еді. Бірақ біз оның бәрін тізбектемей, осы кездесулерден кейін санамызға түйген ойымызды ортаға салсақ деп едік. Әрі осы жүздесулердегі жауаптарының маңыздысын сүзіп алып, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік. Біріншіден, бізге Мирослав Беранек қарапайым адам болып көрінді. Әйтеуір Арно Пайперс сияқты өзін жоғары ұстамайды. Содан соң айналасындағылардың пікірлері мен лебіздерін тыңдап, жадына түйіп, ескеретіндей. Бернд Шторк секілді тек өз теориясын шегелей бермейді. Енді бір байқағанымыз, әйгілі бапкер Валерий Лобановскийді жиі аузына алып, мысал келтіріп отырды. Бұл оның футболшылардың күш-қуатын арттырып, 90 минут бойы жоғары қарқында ойнауларына қол жеткізгісі келетіндігін меңзеп тұрғандай. Әрі іс жүзінде соны байқағандай да болдық. Бернд Шторктің тұсында біздің футболшылар бірінші таймда ғана көңілге қонымды ойын үлгісін көрсете алатын. Екінші таймда, әсіресе, матчтың соңғы минуттарында болдырып қалушы еді. Соңғы минуттарда талай рет өз қақпамыздан доп қармағанбыз. Ал Беранек дайындаған ұлттық құрамамыз Беларусьпен болған матчта 90 минутқа төтеп берді. Тіпті матчтың соңғы минуттарында қарсыластарын тықсырып, олардың қақпасына толассыз қауіп төндірумен болды. Соның арқасында ойынның соңғы секундтарында таразы басын теңестірді. Естеріңізге түсіріңіздерші, біз қашан осы соңғы секундтарда гол соғып едік? Ендігі бір көңіл аударарлық жайт, Мирослав аға «Беларусь құрамасымен болған ойында жасыл алаңға шыққан ойыншыларды ұлттық құраманың негізін қалайтын футболшылар деп ойламаңыздар. Мен әлі Қазақстан чемпионатының барлық ойындарын өз көзіммен тамашалап, барлық футболшыларды көруім керек. Басқа ойыншыларды да тексеремін», – деді. Ең бастысы: – Астанада тұратын боламын, Қазақстан чемпионатының барлық ойындарын көруге тырысамын. Кейбір ойындарды стадионнан, кейбіреуін мүмкіндігіме қарай теледидар­дан, ал қалғандарын DVD арқылы көретін боламын. Әрбір қазақстандық футболшы өзінің ұлттық құрама сапында ойнауға мүмкіндігі бар екендігін білсе деймін, – деп ұлттық құрама жасақтауда әлі ізденетіндігін меңзеді. Бернд Шторктің премьер-лига клубтарының бас бапкерлерімен қарым-қатынас орнатпай, олармен ақылдасып-кеңесіп отыруға құлықты болмағандығын айтып, «сіз бас бапкерлермен қарым-қатынаста болуға қалайсыз?» дегенімізде, келісіп пішкен тонның келте болмайтындығын тілге тиек етті. Премьер-лига клубтары бапкерлерімен қарым-қатынаста болуды теріс көрмейтіндігін сездірді. «Германияда ойнап жүрген Генрих Шмидтгальді шақырып, құрама сапын нығайтқыңыз келмей ме?» деген сұрағымызға: – Басқа елдерде ойнап жүрген ойыншыларыңыздың деңгейлері біршама жоғары екендігін білемін. Бірақ дәл қазір олар сапта емес, кейбіреулері жарақаттанып қалған. Жарақаттарынан айыққан бетте мен оларды жаттығу жиынына шақырып, өз көзіммен тексеріп көрмекпін, – деп жауап берді. Ойыншыларды Бернд Шторк секілді «жас», «егде» деп бөлмей, дәл қазіргі таңдағы спорт­тық баптарына және командаға қаншалықты пайда келтіре алатындығына айырықша көңіл бөлетіндігін бүкпесіз айтты. Содан соң орысша сөйлеуге тырысады. Түсінбей қалса, сұрақты ағылшын тілінде емес, қайтадан орыс тілінде оңай түсінуге болатын қарапайым сөздермен жеткізгенді қалайды. Осылай орыс тілін одан әрі меңгере түсіп, футболшылармен тілмашсыз, аудармашысыз тікелей сөйлесуді қалайды. Футболшылармен тіл табысып, олармен жүзбе-жүз тілдесуді жөн санайды. Ал «біздің халықтың менталитетін білу маңызды деп санайсыз ба?» дегенімізде, «маған бірінші кезекте жеңімпаз адамның менталитеті керек. Менде ол жоқ та емес. Мен енді соны, өзімдегі барды құрама сапындағы ойыншыларға сіңірсем деймін. Өйткені сіздер бірінші кезекте менен нәтиже талап етесіздер. Басқасынан бұрын нәтиже күтесіздер. Сондықтан жергілікті халықтың менталитетімен бірте-бірте таныса бастаймын» деп жауап беріп, сөз тапқанға қолқа жоқтың керін жасады. Бірінші кезекте өзіне сенетіндігін, әйтсе де бір құдіреттің бар екендігіне иланатындығын да жасырмады. Өз кезегімізде біз оның көңілін Беларусьтарға жауапты гол соғылғанда ақшам намазының оқыла бастағандығына аударып, Сербия құрамасын 2:1 есебімен тізерлетердің алдында ұлттық құрамамыздың киелі Түркістан жерінде дайындалғандарын жеткіздік. Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×