Бәс тігіп, бәлеге қалу оңай

15.11.2012, 23:30
Бәс тігіп, бәлеге қалу оңай

Бұрынырақта «букмекерлік кеңсе» дегенді тек шетелдік фильмдерден ғана көретінбіз. Ал бүгінде оны білмейтін жан жоқ. Қазақстанға букмекерлік кеңселер осыдан он жыл бұрын келе бастады. Құмар ойынның түрі алдымен Алматыға тұрақтап, кейінірек Астананың төріне де шықты. Қазіргі уақытта еліміздің барлық қаласында, тіпті кейбір ауылдық жерлерде де букмекерлік кеңсе немесе оның бәс қабылдау орындары бар.
 
Біз букмекерлердің өмірімен те­реңірек танысу мақсатымен Алма­тыдағы букмекерлік кеңселердің бі­разына бас сұқтық, ондағы қызуқанды ойыншылармен әңгімелесудің де реті келді. Дегенмен біз сөзге тартқан жастардың бірде-біреуі суретке түсу былай тұрсын, аты-жөндерін жария­лауымызға келісім бермеді. Алдымен кейбір оқырмандарымызға букмекерлік кеңсе жайлы ақпарат бере кетсек. Бұл – әртүрлі оқиғаларға (спорт, саясат, шоу-бизнес т.т) бәс тігетін орын. Біздегі букмекерлік кеңселер көбінесе спорттық ойындарға ставка қабыл­дайды, саяси және басқа оқиғаларға оқта-текте ғана назар аударады. Бәс тігудің түрі көп. Бір ғана оқиғаға жеке бәс тігуге де немесе бірнеше оқиғаны бір ставкаға біріктіріп те көруге болады. Бәс тігетіндердің арасында соңғысы үлкен сұранысқа ие, оны экспресс-ставка деп атайды. Мұндай ставка түрінде көп ақша ұтып алу мүмкіндігі жоғары, бірақ таңдап алған оқиғалар ыңыздың біреуі сәйкес келмей қалса, бүкіл ставкаңыз ұтылған болып есептеледі. Сондықтан да букмекерлер көбіне көп ставканың осы түрінде бақтарын сынап көргенді ұнатады. Бәс қабылдаудың ең төменгі межесін көптеген букмекерлік кеңселер 100 теңге көлемінде белгілеген, ал қомақты ақша тігем дегендерге шектеу жоқ. Әйтсе де кейбір кеңселераса көп мөлшердегі ұтысты толық төлемеуге де құқылы екен. Мұндай оқиғалар Ал­матыда тіркелген және арты дау-дамайға ұласқан да деседі тәжірибелі ойыншылар. Қазіргі таңда Алматыда тұ­ты­ну­шыларының саны жөнінен «Олимп» букмекерлік кеңсесі алда екеніне ешкім шәк келтірмейді. Десек те, соңғы уа­қытта оның бәсекелестері де көбейді. Солардың ішінде «Профит» деген букмекерлік кеңсе бар. Жарнамасы айқайлап тұратын «Профиттің» есігі күндіз-түні жабылмайды. Сондықтан кейбір құмар ойыншылар оның ішінде өздерін үйлерінде жүргендей сезінеді десек болады. Көптеген ойыншылар лайв-став­каға бәс тіккенді құп көреді. Яғни бұл – өтіп жатқан оқиғаға тікелей болжам жасау. Қай кеңсеге кірсеңіз де қы­зылкеңірдек боп, ставка қойып жат­қандарды көресің. Олардың ішінде жас та бар, кәрі де бар. Сол сияқты тек ерлер емес, соңғы кездері қыздардың да қатары қалыңдай бастағаны анық байқалады. Қолында жеті-сегіз қағазы (ставка) бар, жасы жиырма бестердегі жігітті әңгімеге тарттық. Шартты түрде оны Ермек деп атайық. Ол – студент екен. «Сабақтан кейін букмекерлік кеңсеге бір рет бас сұғып кетпесем, бір нәрсе жетпей тұрғандай көрінеді. Әрине, студентте қайбір көп ақша болсын, анда-санда жеңіл-желпі жұмыстар істеп, аздаған тиын-тебен табам. Содан кейін футбол, теннис, хоккей сияқты спорт түрлеріне бәс тігемін. Әсіресе, футбол ойындарына сенемін. Испания, Италия, Англия чемпионаттарындағы матчтардың қалай аяқталатынын көбінесе дәл болжаймын, бірақ көбірек ұту үшін ойындарды да көп таңдаймын. Соның кесірінен әйтеуір біреуі-екеуі дәл шықпай қалып жатады. Ұтқан кездерім де болды. Ең көп ұтқаным – 80 мың теңге. Жалпы есептеп қарасам, ұтқанымнан ұтылғаным көп шығатын сияқты». Жасы алпыстардың шамасындағы ағамыздан да сыр суыртпақтап көрдік. Ол кісі қаладағы мекемелердің бірінде күзетші болып еңбек етеді екен. «Көбінесе ұтасыз ба, ұтыласыз ба?» деген сұрағымызға ағамыз нақты жауап айтпады. «Мен жастар сияқты асығыс шешім қабылдамаймын. Ойындар тізімін (букмекерлер тілімен айтқанда – «линия») мұқият қарап шығамын. Букмекерлер де адамдар ғой, олардың да қателесетін кездері болады. Кейбір оқиғаларға олар көбірек коэффициент беріп жатады. Міне, мен осындай сәттерді күтемін. Мен үшін бұл уақытты қызықты өткізудің бір амалы десем дұрыс шығар. Ұтқан кездегі ләззатты сезінудің өзі бір ғанибет қой». Ағамыз бізге отыздар шамасындағы бір жігітті сыртынан таныстырды: «Күндіз-түні осында жүреді. Өзі еш жерде жұмыс істемейді ғой деймін. Білуімше, бұрын спортшы болған. Қазір ойынның соңына түсіп кетті, олай етуге болмайды ғой». Біз енді сол жігітпен тілдесудің ретін іздедік. Салып-ұрып, «журналист едік» десек мақсатымыз орындалмасы түсінікті. Ақыры қулыққа бастық. Кассаның маңында, ойындардың тізіміне шұқшия қарап тұрған одан, ставка қоюымызға кеңес беруін өтіндік. Ол бірден келісті. Бұл істе кәнігі шебер болып алғаны көрініп тұр, бірақ жүзінен әбден шаршап, азып-тозғаны анық байқалады. Денесі ыстық су көр­мегелі де біраз болған-ау, жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Бірақ шыдауға тиіспіз. Он минуттай жаңа кейіпкеріміздің уәжін тыңдауымызға тура келді. Алдымызға Ресей, Испания, Англия т.б елдердің футбол чемпионаттарының статисти­касын жайып салған ол бес-алты ойынды тізбектей отырып, 25 коэф­фициент жинап берді. Яғни 1000 теңге тіксек, 25 мың ұтып алуымыз ықтимал. Белгілеген ойындар тізбегін кассадағы қызға тіркетіп, мөр басылып, қол қойылған қағазды алдық. Бұл оқи­ғалардың нәтижелерінің ең соңғысы ертеңіне мәлім болады екен. «Бауырым, ұтып жатсаң, шотал (ұтыстың азырақ бөлігі) бересің ғой» деген жігітпен енді еркін тілдесудің реті келген еді. Ол расымен де кезінде күреспен ай­налысқан екен. «Сенсең, салмағым 90 келіден асатын» дейді. Ал қазіргі түріне қарасаң, ол ары кетсе 75 келі тар­татындай. «Менің бұған «кір­геніме» үш жылдай болды. Осының кесірінен әйел, бала-шағамнан, көлігім мен жер аламыз деп жинаған ка­питалымнан да айырылдым. Тап­қа­нымның бәрін ұты­ла бергеннен кейін жолдасыммен жиі ұрсысатын болдық, ақыры ол кетіп қалды. Есептесем, шамамен 35 мың АҚШ долларын букмекерлік кеңселерге «сыйлаппын». Бірақ осыдан алты ай бұрын сәті түсіп 2 миллион теңге ұтып алдым. Бірден автобазарға барып, 7 мың долларға мінілген болса да көлік сатып алдым. Одан кейін туыстарымды алып, әйелімнің алдынан өтуге бардық. Екі баламен отырған қыздарына және маған қайын жұртым ақылдарын айтып, бізді қайта қосты. Бірақ бақытты күндеріміз тағы да ұзаққа созылмады. Ой-сананы жеңген құмарлық өзінің дегенін істетеді екен. Бастапқыда аз-аздан ставка қойып жүрдім, әйелім қатты ренжіді. Бірақ әйтеуір пәтерақы мен ішіп-жемнің ақшасын беріп отырғанымнан ол бәріне көнді. Ал мен ұтыла бердім, ұтыла бердім. Ақыры ақшаның тапшылығы қайта басталды. Ең соңында астымдағы көлікті сатып келдім. Әйелім бұл жолы да ашуға мінді, жүктерін жинап «кетемге» басты. Әрең дегенде көндіріп, соңғы мүмкін­дік беруін өтіндім. Алайда «әйтеуір бір ұтам» деген дәмемнен түк те шықпады. Тағы да отбасымнан айы­рылдым. Енді қайта қосылуға ол да көнбес, менде де бет жоқ». Міне, күндіз-түні букмекерлік кеңсені жағалаған замандаста­ры­мыздың бірінің тағдыры осылай өріліпті. Ал құмар ойынға арбал­ғандардың саны қаншама? Иә, бук­мекерлік кеңсеге ешкім біреуді зорлап әкелмейді. Оған заңмен тыйым салу да қиын. Өйткені салығын уақтылы төлеп отырған букмекерлер тек біздің елде емес, әлемнің барлық дерлік мем­лекеттерінде қызмет етеді. Оларға шектеу қойсақ, отандастарымыз бәс тігулерін доғарады дегенге сену де қиын. Қаптаған букмекерлік кеңселерді жапсақ, ертең салыққа түсетін қаржы көршілес елдердің қазынасын тол­тырады. Ал отандастарымыз амал­сыздан шекара асып, әбігерге түседі. Құмар ойынның соңына түскен замандастарымыз жақсылап ойланса екен, әр нәрсенің шегі бар емес пе? Шалқар ЕСТЕН «Айқын»
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×