Бәсекенің бәсі қызған біріншілік

18.11.2011, 19:59
Бәсекенің бәсі қызған біріншілік

20-рет өткізілген Қазақстан біріншілігі де өз мәресіне жетті. Екі команда бұрын-соңды өз тарихында жетпеген жетістіктеріне жетті. «Шахтер» – чемпион атанса, «Ордабасы» – кубок иегері болды. «Балапанды күзде санайды» демекші, біз де біріншілік барысындағы ұпайларды түгендеп, қорытынды шығарсақ. 

«Жетісу» феномені

Екінші жыл қатарынан біздің біріншілікте 12 команда жүлдеге таласып бақты. Австрия чемпионатының үлгісіндей өтіп жатқан доп додасында бәсекелестік пайда болған секілді. Себебі, мықты ұжымдар жүлдеге, ал қалғандары премьер-лигадағы орындарын сақтап қалу үшін жанталасады. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін «Жетісу» командасы оқ бойы ұзап, қарсыластарын шаң қаптырған-тұғын. Командалар ішінде биылғы біріншіліктің жаңалығы ретінде осы – «Жетісу» командасын айтуға болады. Асқар Қожабергенов баптаған қазақтың жас талантты ойыншыларына толы бұл ұжым сүбелі ойын өрнегімен де көпшілік көзайымы атанды. Соңғы жылдардың бедерінде тұрақтылығымен ерекшеленетін «Астана» командасы биыл да алдына үлкен мақсат қойған болатын. Бірақ, неге екені белгісіз, бұл командадан бірінші айналымнан кейін Ұлан Қонысбаев, Данило Белич секілді сұрмерген шабуылшылар өзге командаларға ауысып кетті. Қонысбаевты «Шахтерге» жалға бергендерін астаналық команда осы кезде өкінішпен еске алып отырған болар. Кеншілер сапына ауысысымен «жарқ» ете шыққан Қонысбаев Қарағандының жұлдызына айналды. Оның соққан голдары да маңызды ойындарда жеңіске жетеледі. Арыны қатты «Ақтөбе» биыл чемпиондықтан бірнеше тур қалғанда қол үзіп, қауқарсыз қалды. Тек соңғы ойында ғана үшінші орынға көтеріліп, жүлдегерлер қатарынан әзер көрінді.

Чемпионның тағдыры биыл да соңғы турда ғана шешілді. Өз алаңында «Астананы» жеңген «Шахтер» «Жетісудан» 4 ұпайға озып кетті. Ал талдықорғандықтар сыртта «Ертіске» жол берді. Тарихында үшінші орыннан жоғары көтеріліп көрмеген «кеншілер» тұңғыш рет чемпион атанды. Осындай қызу тартыстан кейін еліміз біріншілігінің бәсекесі қыза түсіп келе жатқандығына тағы бір көз жеткіземіз.

Ел кубогын сарапқа салған ұжымдар да өте тартысты матчтар өткізді. 3 жыл бұрын Таразда өткен ақтық ойында «Тобылдан» жеңілген «Ордабасы» биыл қарымта қайтарды. «Ордабасы» командасы да биыл «Шахтер» секілді тұңғыш рет ірі жеңіске жетіп отыр.

Сырттандар деңгейі артып келеді

Биылғы чемпионатта бас-аяғы 21 Сербия азаматы доп теуіпті. Балқан түбегінің мемлекеттерінен келетін ойыншылар жыл санап артуда. Хорватия, Македония, Босния және Герцеговина секілді бұрынғы Югославияның құрамында болған елдердің аяқдопшылары премьер-лига клубтарының кез-келгенінің құрамында бар. Олардың ішінде Босния ұлттық құрама командасында ойнап жүрген «Ақтөбенің» жартылай қорғаушысы Дарко Малетичті ерекше атап өтуге болар. Еуро-2012 бәсекесінде біраз жерге жеткен Босния командасының сапында алаңға шығып жүрген Малетич халықаралық аренада өзін жақсы қырынан көрсете білді. Қазақстандағы командалардың ішіндегі «Ақтөбенің» легионерлерін мақтап өтуге болады. Малетичтен бөлек, екінші айналымда келген Владимир Джиллас, Зоран Костичтер де деңгейлерінің елдегі ойыншыларға қарағанда жоғарылау екендіктерін байқатты. Ал Малик Маненің ойынын Еуропа лигасының аясындағы матчтарда барша Қазақстан көрді. Өткен жылдары ел біріншілігінде пайда болған мықты легионер Тити Эссомба 2011-жылғы маусым басында ауыр жарақат алып, «Ақтөбеге» еурокубоктық ойындарда көмектесе алмады. Енді келержылғы сырттандардың сыңайы қалай боларын күтеміз. Қазіргі деңгейдің үдесінен асып түсер аяқдопшылар көптеп келсе, ел футболының одан әрі дамитыны анық.

Топтық кезеңге таяп қалдық

Ел футболындағы елеулі оқиғалар жыл сайын еурокубоктық бәсекелерде болады. «Кәрі құрлықтың» басты додасы Чемпиондар лигасында қостанайлық «Тобыл» мардымды өнер көрсете алмады. Алдыңғы жылдары «Ақтөбе» абройымызды асқақтатып келген болса, «Тобыл» бірінші айналымда тобықтан қағылды. Словакияның «Слованы» қостанайлықтар үшін алынбас қамал болды.

Еуропа лигасына үш командамыз қатысты. «Шахтер» мен «Ертіс» іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Сәйкесінше Словения мен Польша командаларын жеңіп өткен қазақстандық клубтар екінші айналымда ғана тығырыққа тірелді. «Ертістің» де, «Шахтердің» де одан әріге өтуге шамалары жетер еді, тек тәжірибесіздіктің кесірі тиді. Екінші айналымда қосылған «Ақтөбе» Венгрияның «Кечкеметін» айналып өтіп, «Аланияға» тап болды. Осы сатыдағы ең мықты командаға саналған «Аланияның» «Ақтөбеге» түскенін жеребенің жолдас болмағанына балап еді мамандар. Бірақ, Валдикавказ командасымен отандастарымыз тең ойнады. Тек соңғы сәтте пенальти тебістен жеңіліп қалды. Еуромаусымды жылдағы дәстүрден аттай алмай аяқтаған командаларымыз рейтингтегі ұпайымызды арттырғанын ғана айта кету керек. Әзірге одан арғыға қол жетпей келеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Фото-Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×