Беларусь біріншілігіндегі «БАТЭ» командасының өткен айдағы ең үздік голын Оралхан Өміртаев салды.
Борисовтік команданың жанкүйерлері отандасымыздың «Шахтер» Солигорск клубының қақпасына салған добын осылай деп бағалапты. Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының футболшысы соққан бұл доп борисовтік ұжымға бір ұпай сыйлаған еді (1:1). Оралхан Өміртаев қыркүйекте өз командасының сапында алаңға тек екінші тайм барысында ғана шығып отырған. Соның өзінде екі рет мергендігімен көзге түсті. Ал оның «Витебскке» соққан добы командасына жеңіс сыйлаған болатын (1:0).
Биылғы біріншіліктің басын отандасымыз «Слуцкте» бастап, екінші айналымда борисовтік клубқа ауысқан. Сондай-ақ, қазақстандық шабуылшы «Шахтер», «Тобыл», «Ақжайық» және «Атырау» секілді ҚПЛ командаларының жейдесінде де өнер көрсетті. Айта кетейік, «БАТЭ» қазір турнирлік кестеде 28 ұпаймен 11-сатыға жайғасқан. Оралхан Өміртаев Беларусь біріншілігіндегі нәтижелі өнерінің арқасында араға үш жыл салып қайтадан Қазақстан құрамасына шақырту алды.
Біздің серіктес: FONBET