Бауыржан Байтана: «Вардан Минасян ең алдымен біздің психологиямыз бен менталитетімізді өзгертіп, өзімізге деген сенімімізді оятты»

22.04.2021, 02:18
Байтана жаңа маусымда екі гол соғып үлгерді.
Бауыржан Байтана: «Вардан Минасян ең алдымен біздің психологиямыз бен менталитетімізді өзгертіп, өзімізге деген сенімімізді оятты»

"Тараздың" жартылай қорғаушысы Бауыржан Байтана KazFootball.kz тілшісіне берген сұхбатында жаңа бапкер Вардан Минасянның әдістері және ескі жарақаты туралы, сондай-ақ жаңа маусымдағы командасының ойыны жайлы айтып берді.

– Бауыржан, қайырлы күн. Жаңа маусым қалай болып жатыр, өзіңізді қалай сезінесіз?

– Қайырлы күн. Өтірік айтпай-ақ қояйын, "Тараз" үшін жаңа маусымның сәтті басталғанын барлығы көріп жатыр. Мен мұны жай ғана сәттіліктің арқасы деп ойламаймын. Бұл ойыншылардың, бапкерлік құрамның және басшылықтың еңбегі деп білемін.

– "Тараз" маусымның жаңалығы болғаны сөзсіз, команда турнир кестесінде қазақстандық грандтармен бірінші орынды бөлісіп тұр. Маусымды сәтті бастаудың құпиясы неде?

– "Таразды" маусым жаңалығы деп айтуға әлі ерте. Чемпионаттың небәрі алты туры ғана өтті. Біздің маусым жаңалығы болған-болмағанымыз қараша айында белгілі болады.

– Осы қыста команданы армениялық маман Вардан Минасян тізгіндеді. Алдыңғы маусыммен салыстырғанда командада қандай өзгерістер орын алды?

– Ол кісі командаға келгенде, ең алдымен біздің психологиямыз бен менталитетімізді өзгертіп, өзімізге деген сенімімізді оятты. Ол бізге маусымдағы нәтижеге емес, әр матч сайын келетін жеңістерге мән беріп, әр ойында барымызды салуымыз қажеттігін айтты. Өз алаңымыз болсын, сырт алаңда болсын, әрбір қарсыласты жеңуге болатындығын санамызға сіңірді. Бізде ол қасиеттердің барлығы бар, ең бастысы – өзіңе деген сенімділік.

- Шыныңызды айтыңызшы, маусым басталар алдында команда алдына қандай мақсаттар қойылды? Сіздер қазір еурокубок жолдамасына таласуға дайынсыздар ба?

- Маусымның басында бізге тапсырма берілді - алғашқы алтылықтан орын алу, еурокубок жолдамасына келетін болсақ, бізде ондай міндет болған жоқ. Бірақ тәбет тамақтанатын кезде ашылады демей ме?! Сондықтан барлық балалар толықтай дайын. Әр кездесуде біз тек жеңіс үшін ойнаймыз. Ең бастысы, жарақат алған ойыншылар жоқтың-қасы, біздің құрамымыз керемет емес. Тағы да қайталап айтамын, не болатынын алдын-ала болжағымыз келмейді.

- Қазақстан чемпионатының үшінші турында "Тараз" өз алаңында "Қайратпен" тең ойнады. Сіз өзіңіздің бұрынғы командаңызға гол соқтыңыз. Бұл матч сіз үшін маңызды болды ма?

- Жоқ, менде ешқандай ұстаным болған жоқ. Иә, мен "Қайратта" ойнадым, ол клубта жақсы естеліктерім қалды. Бұл клуб маған футболда да, өмірде де көп нәрсе берді. Мұның бәрі үшін мен "Қайратқа" ризамын.

- Сіздің ойыңызша, "Қайратпен" болған ойында екі ұпайдан айырылу сіздің командаңыз жіберген қателіктердің салдарынан болды деп ойлайсыз ба?

- Менің ойымша, біздің чемпионаттағы кез-келген командаға ойын алдында "Қайратпен" сырт алаңда тең ойнайсыңдар деп айтса, олар бұған келісер еді. 2:0 есебімен алға шығып, соңында жеңісті жіберіп алғандығымыз бізге белгілі бір әсерін тигізді. Бұл ойында біз жеңіске жетуіміз мүмкін еді, бірақ болары болды, бояуы сіңді.

- Сіз "Қайрат" сапында Владимир Вайсстың басшылығымен ойнадыңыз. Неліктен "Қайратта" жолыңыз болмады?

- Менің білуімше, Владимир Вайсс ол кезде мені өз командасында көруге қарсы болмады, Қайрат Советайұлы да маған сенім артты. Біріншіден, 2015 жылы, "Таразға" қарсы ойында тіземнен алған жарақаттың салдарынан нәтиже көрсете алмадым деп ойлаймын. МРТ-дан өткеннен кейін барлық дәрігерлер маған бұл жарақаттың маңызды емес екенін және операциясыз қалыпқа келуге болатындығын айтты. Бірақ ақыр соңында бәрі басқаша болды. Осы жарақатым әр екі-үш ай сайын сыр берді. Тек 2018 жылы ғана ота жасауға шешім қабылдадым. Сондықтан, жарақат мен үшін "Қайратта" нәтиже көрсетпеуімнің басты себептерінің бірі деп ойлаймын.

- Егер ұлттық құрама туралы айтатын болсақ, Қазақстан Франция, Украина, Босния және Финляндия сияқты командалармен бір топта ойнайды. Франция мен Украинаға қарсы алғашқы матчтардағы нәтижелерге сүйене отырып, үшінші орынға таласу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- Үшінші орынға таласуға үлкен мүмкіндік бар, бұл тіпті талқыланбауы керек. Қазір футбол өзгерді, барлық командалар шабуылда және қорғаныста шебер ойнайды. Мен осы топта үшінші орын алу қолымыздан келеді деп санаймын. Шындығында, мұндай командаларды жеңіп, өзімізге деген сенімділікті арттырып, сондай-ақ мықты командаларды жеңе алатындығымызды дәлелдесек өте жақсы болар еді.

- "Тараз - таланттар ұстаханасы" деп бекер айтпайды. Мысал ретірде Зайнутдинов, Исламхан, Сейдахмет секілді ойыншыларды айтуға болады. Қазір "Таразда" өнер көрсететін футболшылардың қайсысы шетелде ойнауы мүмкін?

- Қазіргі уақытта бізде көптеген дарынды жас ойыншылар бар. Ең бастысы жұмыс істеу керек. Мен олардың аттарын айтпай-ақ қояйын, бірақ болашақта Еуропада ойнай алатын жігіттер бар. Менің ойымша, бұл алдағы екі-үш жылда орын алуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×