Қазақстан құрамасының намысын қорғаған тәжірибелі футболшы Бауыржан Исламхан ұлттық команданың қазіргі жарық жұлдызы Дастан Сәтпаевтың талантын тілге тиек етіп, бағасын берді.
«Дастанмен салыстыру ма? Біріншіден, оны англиялық клуб сатып алып отыр. Менің ойымша, екеуміздің жастық шағымызды салыстыруға келмейді. Оның жасында менде Англиядан ұсыныс болған емес.
Дастан 17 жасында шетелге көшіп бара жатыр. Бұның артында қаншама еңбек пен тер жатыр. Ол бұл жерде тоқтап қалмайтынына сенімдімін. Бұл тек бастамасы болсын. Мен «Қайратта» ойнағанда, бұл балалар академияда жүгіріп жүретін. Клубтан кеткеніме 5-6 жыл болды. Олар да өсіп, өнді. Дастанға тек қана сәттілік тілеймін», – деді Б. Исламхан «ASnews.kz» сайтына берген сұқбатында.
Дастан Сәтпаев «Қайрат» сапында барлық турнирлерде 41 матчқа қатысып, 19 гол мен сегіз нәтижелі пастың авторы атанды. «Қайрат» түлегі кәмелет жасына толғаннан кейін «Челси» жейдесін киеді. Оған дейін алматылық клуб сапында доп тебе бермек.