"Қайрат" клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Бауыржан Тұрысбек кәсіби спортқа қайта оралу жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
34 жасар тәжірибелі футболшының айтуынша, биыл оның мансабын қайта жаңғыртуына бірнеше мүмкіндік болған.
Meta-ratings.kz порталына берген сұхбатында ол өзіне ұсыныстар түсіп жатқанын тілге тиек етті.
"Әлі де 2-3 жыл ойнағым келеді"
Тұрысбек өзінің физикалық дайындығы мен ынтасы әлі де жоғары екенін жеткізді. Ол лайықты ұсыныс түссе, кәсіби деңгейде тағы бірнеше маусым өнер көрсетуге дайын.
"Биыл кәсіби футболға қайта оралу туралы бір-екі ұсыныс түсті. Егер шынымен жақсы нұсқалар пайда болса, тағы 2-3 жыл ойнап тастағым келеді. Ал егер көңілден шығатын ұсыныс болмаса, медиафутболда жанкүйерлерді қуанта береміз.” — деді Бауыржан.
Медиафутбол мен ҚПЛ деңгейі
Қазіргі уақытта медиа-лигада бағын сынап жүрген футболшы бұл бағыттың қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Оның пайымдауында, көршілес Ресейдегі медиафутболдың деңгейі өте жоғары.
"Ресейдегі медиафутбол деңгейі жағынан біздің Қазақстан Премьер лигасынан еш кем түспейді.” — деп салыстырды ол.