«Бавария» 11 рет, ПСЖ алғаш рет финалда

Байділдә Жандос
Бас редактор
23.08.2020, 00:52
«Бавария» 11 рет, ПСЖ алғаш рет финалда

Саналы ғұмырымда талай финалды көрдім, біршамасын жүргіздім де. Әр финал басқа. Кейде анық фаворит деген команда да сүрінеді. Футболдың өткенінде ондай жағдай көп.

Ертең "ПСЖ" - "Бавария" финалы. Екеуі де бабында. Қалқанқұлақ трофей екеуіне де керек. Лайықты қарсылас, финалға дейін команда шақ келтірмеді. "Бавария" араға 7 жыл салып финалға шықты, ал "ПСЖ" тарихында алғаш рет. "ПСЖ" ішкі чемпионатын, Франция кубогын, Франция лигасының кубогын жеңіп, ең бір жемісті маусымның соңғы нүктесін қоюға келді. "Бавария" да бундеслиганы, Германия кубогын жеңіп, требл жасауға анық қадам жасады. Матчтың немен бітетінін айту қиын. Бірақ, шамамыз жеткенше ойынның қалай өрбитінін, қай команда несімен басым тұрғанын атап өтейін.

Құрамы жағынан екі команда қарайлас, кіл ТОП ойыншылар жиналған. Екі команда да жылдам, агрессияға құрылған ойынымен таныс. Екеуі де тәуекелге көп барады. Шабуыл шебі де, орта шебі де, қорғанысы да мығым. "ПСЖ" жартылай финалда "Лейпцигке" гол салатын анық мүмкіндік бермеді, ал Лион ойыншылары Бавария қақпасына кемі 2-3 гол салатын сәтті пайдалана алмады. Бірақ, "Баварияның" қорғанысы "ПСЖ-дан" осал деуге ауыз бармайды. Екі ойында екі түрлі жағдай болды. Бірақ, Ханси Флик қорғанысты әлі де күшейту керегін бекер айтпады. Мбаппе, Неймар, Ди Мария дегендер нағыз монстр, "Лион" пайдалана алмаған мүмкіндікті олар қалт жібермейді.

"ПСЖ" жартылай финалда "Баварияға" қарағанда көп күш жұмсамады. Оған қоса, финалға дейін қарсыласына қарағанда бір күн артық демалады.

"ПСЖ" қақпасына Кейлор Навас оралады деген жақсы жаңалық бар. Навас бір шабыттанса, кез келген допты қақшып алып, әруақтанып кететін кипер екенін "Реал" жанкүйерлері қоштай жатар. "Аталантамен" ойында Навастың екі бірдей тамаша сейв жасағанына куә болдық. Оның үстіне басқа-басқа, ЧЛ финалында Навастың тәжірибесі "Баварияда", "ПСЖ-да" жүрген кез-келгенінен мықты. Есесіне, "Баварияның" орталық қорғанысында Жером Боатенг ойнамауы мүмкін. "Лионға" қарсы ойында жарақат алып, финалға дайын болмауы мүмкін деген ақпарат шықты. Орнына Никлас Зюле шығар, өйткені Хави Мартинес көптен ойнаған жоқ. Зюле өткен ойында 45 минут, алдыңғы ойында 10 минут алаңға шыққан. Бірақ, екеуі де Боатенгті тең дәрежеде алмастыратын ойыншы деуге келмейді.

"ПСЖ" сапына Верратти қайта қосылды. Париждік клубты Маркосыз елестету мүмкін емес. "Баварияның" жойқын прессингін, алапат шабуылын орта жолдан тоқтататын адам керек.

"Бавария" - ЧЛ финалында көп сүрінсе де, тарихы бай клуб.

"ПСЖ" - салыстырмалы түрде тарихтың жаңа парағын ашып жатқан команда.

"Бавария" осы маусымда чемпиондар лигасында 42 гол салды. Егер пандемия болмай, ширек финал мен жартылай финал бұрынғыдай 2 матчтан тұрса, "Барселонаның" рекордын (45 гол) жаңартар ма еді, бірақ мүмкіндік әлі де бар.

Ал, "ПСЖ" чемпиондар лигасында қатарынан 34 матчта гол салып, "Реалдың" рекордын қайталады. Осы маусымда 7 ойында (ЧЛ аясында) гол жібермеді. "Бавария" 5 ойында. "Бавария" әдеттегідей ұжым болып қорғанады. Өйткені, мюнхендіктер бірге-бір қорғанғанда көп қателеседі. Ал, "ПСЖ-дағы" Тиаго Силва мен Кимпембе ол жағынан мықтырақ.

Екі команда бапкерінің де идеясы бар, оны жүзеге асыратын ресурсы да бар. "Баварияда" қай кездегідей темірдей тәртіп, ал "ПСЖ-да" творчествалық еркіндік бар.

Букмекерлік кеңселердің бәрі "Баварияны" фаворит қылып отыр. Бұл бір жағынан "ПСЖ-ны" артық қысымнан айырады. Жеңсе сенсация деуге келмес, бірақ жеңілсе кешірімді.

Бұған дейін айтып өткенімдей, "ПСЖ" биылға дейінгі маусымдарда сүрінгенде, шешуші сәтте кәміл лидері Неймарсыз ойнады. Биыл Неймар жарақатсыз, дисквалификациясыз финалға дейін жетті.

Неймар мен Мбаппе - шешуші сәтте команданы өрге сүйрейтін ойыншылар. Барселона Неймарды қайтарып алғысы келуі бекер емес, "Реалдың" Мбаппеге көз тігуі де солай.

"Баварияның" негізгі құрамынан бөлек қосалқы күші де бар. Киммих жарақат алса Павар бар, Альфонсо Дэвис ойынды жалғастыра алмаса Эрнандес бар. Алькантараны Толиссо, Мюллерді Коутиньо, Гнабриді Коман тең дәрежеде алмастыра алады. Оның үстіне, биыл 5 ойыншыға дейін алмастыруға мүмкіндік беріп отыр. 5 ойыншы деген - жарты команда.

"Бавария" фаворит дегенге келісем, бірақ "ПСЖ" да әбден пісіп жетілген команда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×