Бавария барын сала ма?

08.04.2012, 18:50
Бавария барын сала ма?

Германия Бундеслигасының 22 дүркін жеңімпазы мюнхендік «Бавария» биылғы маусымда өзіндік ойын өрнегімен ерекше көзге түсуде. Чемпиондар лигасы мен Бундеслигадағы нәтижесі де керемет деуге тұрарлық. Юпп Хейнкес шәкірттерінің жасыл алаңдағы шеберлігіне де тәнті болып жүрміз. Ендігіде мюнхендіктердің Бундеслигада барын салып, өз алаңында өтетін чемпиондар лигасының финалы жолында да аянып қалмасы анық. 

   Неміс футболы тарихында «Баварияның» алатын орны ерек екенін бәрі де біледі. Неміс футболы ғана емес, әлем футболы аренасында да мюнхендіктердің өз үлесі мен жетістіктері жетерлік. Міне, осы жетістіктерін еселей түсуге тағы бір мүмкіндіктері келген секілді. Жалпы «Бавария» футбол клубы 1900 жылдың 27 ақпанында құрылған. Осы уақыт аралығында Германия Бундеслигасының 22 рет, ел кубогын 15 рет, суперкубогын 4 мәрте иеленген екен. Чемпиондар лигасын 4 мәрте жеңіп алса, 4 рет финалда жеңіліс тапқан. UEFA кубогын 1, суперкубогын 3 рет иеленген. Әрине тізбелей берсең бұл команданың жетістіктері жетіп артылады. «Бавария» мектебінің түлегі болып, неміс пен әлем футболының жұлдыздарының санатына кірген ойыншылар да аз емес. Қазіргі таңның өзінде  де  команда сапында керемет ойыншылар жетерлік. Мәселен, Рибери, Роббен, Мюллер, Гомес, Шванштайгер, Лам, Нойер сынды ойыншылардың  шеберлігі де таңқаларлық. Міне, тарихы ғасырдан асқан «Баварияның» бүгінгі таңдағы ойын өрнегі де өзгеше. Сүрінбестен чемпиондар лигасының жартылай финалына шығып отыр. Енді олардың қарсыласы - «Реал». Мадридтіктерге «Баварияның» да айтары бары сөзсіз. Өз алаңында өтетін финалға жолдама алу үшін аянып қалмасы айдан анық. Әзірге, Бундеслигада «Бавария» Дортмундтық «Боруссиядан» 3 ұпай айырмасы бойынша қалып келеді. Сәуірдің 10 жұлдызында қос команда кездеседі. Ойын Дортмундт қаласында өтеді. Бұл ұжымдардың арасындағы ойын мұнымен шектеліп қалмайды. Екі команда 12 мамыр күні Германия кубогы жолында тағы да кездеседі екен. Сонымен, «Бавария» барын салып, жанын беріп ойнайтын кез де жеткен секілді. Жеңіс үшін, жетістік үшін команданың аянып қалмасы сөзсіз.

Өмірбек  САНСЫЗБАЙ

   
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×