Алпысты алқымдаған швейцар Рольф Бантль Италия жерінде қалайша 10 жыл қалып қойғанын баяндап берді.
2004 жылы футбол жанкүйері Рольф Бантль “Интермен” болатын кездесуде "Базельге" қолдау көрсету үшін “Сан-Сироға” арнайылап аяқ басады. Матч біткеннен кейін швейцар ештеңеге уайымдамастан, әжетханаға барып шығады. Алайда Рольф стадионнан шығатын есікті таппай Швейцарияға жол тартатын автобустан кешігіп қалады. Оның қалтасында сол кезде небәрі 20 еуро мен 15 швейцариялық франк ақшасы болады. Ең сорақысы Бантль өз телефоны мен құжаттарын жол жүріп кеткен автобуста қалдырып кетеді. Соның кесірінен ол үйіне қайта алмай қалады.
Италиядағы алғашқы аптасында Рольф көшеде қонып, мейірімді студенттердің көмегімен тамақтанып жүреді. Уақыт өте, Бантль құрылысшы болып жұмысқа тұрып, жағдайын реттеуге кіріседі. Ал өз отанында оны еш хабарсыз жоғалған деп таныды. Қанша уақыт өтсе де, Рольф Италиядан кетіп қалуды көздемепті. Себебі, оған бұл мемлекет түбегейлі ұнап қалады.
Бірақ бұл қызық әрі бақытты оқиғаның соңы кездейсоқ жағдаймен аяқталды. Рольф көше кезіп жүргенде байқаусызда тайып-жығылып, жамбас сүйегін сындырады. Жарақат алған швейцарды ауруханаға жеткізгенде, оның Италия азаматтығы жоқ екеніне көз жетеді. Дәрігерлер Швейцария мемлекетінің Италиядағы елшілігіне хабарласып, Рольф Бантль жайында ақпарат жеткізеді. Нәтижесінде азамат өз еліне қайта қоныс аударады.