
Иә, дәл солай, біз өткен турда «Қызыл-Жарға» қарсы ойында жарқ еткен Бехруз Асқаровты айтып отырмыз.
«Пахтакордың» түлегі ҚПЛ-дегі жаңа есімдердің бірі. Осы демалыста «Қызыл-Жармен» болған ойында жартылай қорғаушы өзін өте жақсы қырынан таныта алған болатын. Талантты бапкер Виталий Жуковский қайда жүрсе де футболшылардың жұлдызын жағатын маман. Өзбекстандық ойыншыны да Түркістанға бекер алдырмағаны анық. Бехруз «Пахтакорда» да өзінің талантын паш ете алған, әлеуетін аша алған ойыншы – өткен маусымда Ташкенттік команда жейдесінде барлық турнирлерде 22 ойынға қатысқан. Оның ішінде АФК-де 6 ойын өткізгенін ерекше атап өтуге болады.
Бехруздың болашағының жарқын болуына барлық мүмкіндік бар. Соның бірнеше салмақты себебін келтірейік - жартылай қорғаушының мансабын жүргізетін Football Group LLC агенттігі. Бұл ұйым өздеріңізге Абдукадир Хусановтың трансферінен кейін жақсы таныс болар. Агенттіктің өкілі Ұлықбек Асанбаев. Оның «Тұранда» Асқаровтан бөлек тағы Шахбоз Умаров, Әбинұр Нұрымбет секілді футболшылары доп тебеді. Демек, жігіттердің жақын арада басқа клуб, лигаға ауысуы әбден ықтимал деген сөз.
Бехруздың халықаралық тәжірибесі де жетерлік – U-20 Өзбекстан жастар құрамасының жейдесінде 14 ойында өнер көрсетті. Азия Кубогінің финалдық матчары мен Әлем чемпионатында ойнады (бірнеше кездесуде капитан болған).
22-жастағы жартылай қорғаушы «Тұранды» кәдімгідей күшейтпек. Себебі, Бехруздың алдында жеке мақсаты да бар – Әлем чемпионатына шығуға жақын тұрған Өзбекстан құрамасының сапына ілінуге ниетті. Ал өз елінің құрамасы үшін тұңғыш мундиальда өнер көрсету кез-келген футболшының арманы екені сөзсіз.
Біздің серіктес: FONBET