Болат Есмағамбетов премьер-лига жеңімпазы жайлы ойын ортаға салып, чемпиондыққа лайық команданы айтты.
«Астана» да «Қайрат» та чемпиондыққа лайық! Осыған дейін де айтқам - барлығы соңғы турда белгілі болады. «Қайрат» соңғы турда «Астананы» қабылдайды, қай жеңгені чемпион атанады. Енді өз алаңында болған соң алматылықтар жағында кішігірім бір басымдық болатын да шығар. Одан кейін дәл қазір екі ұпайы артық екенін ескеруіміз керек. Демек, екеуара бәсекеде астаналықтарға тек қана жеңіс керек болады. Қалай дегенде де, ойын өте қызық болайын деп тұр ғой. Шетелден төреші келеді деп жатыр. Қысқаша айтқанда, ерекше тартысты матч күтеміз және кім жеңіске жетеді сол чемпиондыққа да лайық деген сөз», - деді Б. Есмағамбетов «Аладоп.кз» сайтына берген сұқбатында.
ҚПЛ-дің соңғы екі туры қалғанда «Қайрат» көш бастауда (55 ұпай). Екінші орындағы «Астана» еншісінде 53 ұпай. Алматылық клуб 17-қазанда «Қызыл-Жармен» кездессе (сырт алаңда), соңғы турда 26-қазанда «Астананы» қабылдайды. Ал елордалықтар «Қайраттың» алдында «Ақтөбеге» қарсы тұрады (19-қазан).